Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желі мен БАҚ-та өзі туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаткер бұған дейін айтылған «Новичокпен» улануы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып, қазір Қазақстанда екенін жеткізді.
«Маған қатысты улану туралы ақпаратты Orda таратты. Өзімнің бұған еш қатысым жоқ. Улануға қатысты қолымда ешқандай нақты дәлел де жоқ. Жалпы хайп пен шудың маған қажеті шамалы. Елге танымал «Ермұрат Бапи» деген атым, азды-көпті беделім бар», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, Бапидің айтуынша, улану деген тек болжам ғана болған.
«Мен дәрігерлерге толық тексеруден өттім. Қаннан паразитке дейін барлық сынаманы тапсырдым. Бірақ ешқандай күдікті нәрсе табылмады. Содан кейін жасушалық-молекулалық деңгейдегі терең тексеру ұсынылды. Мәселе сонда. Уланған деген болжам айтылды, бірақ анық ештеңе шыққан жоқ», – дейді депутат.
Саясаткер қазір нақты диагноз қою үшін Еуропаға аттанғалы жатқанын мәлім етті.
«Әзірге емделуге емес, алдымен не болғанын толық анықтап алу үшін диагностика жасату қажет. Наурыз айынан бері осы мәселе мазалап жүр. Енді Еуропаға барып, жасуша деңгейіндегі тексеруден өтуге дайындалып жатырмын», – деді Ермұрат Бапи.
Айта кетейік, бұған дейін Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығы сыр бергенін жазған болатын.
«Ауырып қалған жағдай бар… Диагноз белгісіз… Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді… Клеткалық-молекулалық негізде диагностика қажет екен… Көрерміз… Аман болайық, ағайын!» – деген еді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

