Әлеуметтік желіде танымал әнші Ұланғасыр Қамиевтің хиджабқа қатысты мәлімдемесі дау тудырды. Желі қолданушысы Саида Қастанеда өнер иесінің үстінен ІІМ-ге арыз түсіргенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ол үнемі басы дауға қалып жүретін әншінің үстінен депутаттар ешқандай арыз түсірмегенін, есесіне орнына бұл арызды өзі жазғанын айтты.
«Арыз тіркелді, іс қозғала ма әлде әдеттегідей бола ма? Көреміз….» — деді ол.
ҚР Ішкі істер министрлігі бұл деректі растады.
«Арыз тіркелді. Тексеріс жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады», — деп жазылған ведомствоның Massaget.kz-ке ресми жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде әншінің хиджабқа қатысты пікірі тараған болатын.
«Күйеуі әйелін өлтіріп қойды, анау-мынау дегеннің бәрі хиджаб кимегеннен басталған. Ұстаздар баяғыдан айтып келе жатыр. Ондай оқиғалар көп негізі. Әйелі санын жалтыратып көшеге шығады. Одан кейін біреу оған қызығады. Оны күйеуі не істейді? Барып өлтіріп қояды деген секілді», — дейді әнші видеода.