Астана сотында Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қатысты үкім шықты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасы-тұрмыстыққатынастар бойынша құқық бұзушыға қатыстыәкімшілік материалды қарады (ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі).
«Іс материалдарына сәйкес, әйел отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты былапыт сөздер айтқан. Сотта ол өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге, бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді», — деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
«Құқықбұзушының балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады. Құқық бұзушының балалары болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, әйелді ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды», — деп жазылған мәліметте.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.