Ақтауда никаб киіп, «қару» асынып жүрген қыздар анықталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бұл туралы өңірлік lada.kz басылымы жазды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Никаб киген екі қыздың ойыншық автоматтармен көшеде жүрген Tik-Тok-тағы видеосы тәртіп сақшыларының назарын аударған. Олардың кім екені анықталды.
«Тексеріс барысында бұл оқиғаға қатысы бар адамдар ұсталып, полицияға жеткізілді. 26 шілдеде сағат 22:30 шамасында Ақтау қаласының 15 жастағы тұрғыны 17 жастағы құрбысымен кездесіп, кейін көңіл көтеру үшін «Ақбота» саябағынан ойыншық автоматтар сатып алған. Видео жасау үшін олар өздерін түсіріп алып, оны Tik Tok әлеуметтік желісіне жүктеген»,- деді облыстық полиция департаменті өкілдері.
Бұл жағдайдан кейін қыздардың ата-анасы жауапқа тартылды.
«Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде болғаны, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жасөспірімдердің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қыздар профилактикалық есепке алынды», — деді ведомствода өкілдері.