Париждегі Олимпиадада дзюдодан қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев чемпион атанған Елдос Сметовпен не байланыстыратынын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Елдос екеміз бір-бірімізге құдамыз. Бір күні Елдос әйел баласымен үйіме қыдырып келді. Әңгіме арасында Елдос маған «екеуміз қаншама уақыттан бері бірге күресіп, бірге келе жатырмыз. Қайда барсақ та бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарына да, жарыстарға да бірге аттанамыз. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бірдеме айтсам ренжіп қалмайсың ба» деді. Көңілімде ештеңе жоқ, берден «айта бер, ренжімеймін» дедім. «Екеуміздің достығымыз мәңгілік болсын. Сенде қыз бар, менде ұл бар. Сенің қызыңа ұлымды қазақы дәстүрмен атастырғым келіп отыр. Бүгінгі достар болашақта құда-құдағи болайық» деді. Ауызым ашылып, көзім бақырайып тұрып қалдым. Ол маған «сол күнге жеткізсін демейсің ба? Мен сырғамды алып келдім» деп қызыма сырға тақты. Осылай екеуміз қазір бір-бірімізді көрсек «құдеке» деп сөйлесеміз», — деді Ғұсман Қырғызбаев Kazinform тілшісіне.
Айта кетейік, Елдос Сметов Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанып, француз дзюдошысы Лука Мхеидзеден басым түсті.
Ал дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында үшінші орын алды.