Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы туралы айтып, бұған дейін құрылтай нәтижесінде қандай өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Кейінгі жылдары Ұлттық құрылтай маңызды алаңға айналды. Бұл — жай ғана талқылау емес, қоғамға өзекті мәселелерін көтеруге, ал билікке оларды нақты заңнамалық негізде бекітіп, іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік беретін тетік. Құрылтайда көтерілетін тақырыптардың басым бөлігі әлеуметтік саясат, мәдениет және қоғамдық құндылықтарға қатысты болғандықтан, оның үстіне салалық комитеттің төрағасы ретінде тікелей осы жұмысқа қатысамын. Сол себепті сенімді түрде айта аламын: құрылтай – нәтижеге жеткізетін формат. Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бойынша 10 заң жобасына бастамашылық етілді, олардың 9-ына Президент қол қойды. Көпшілігі біздің комитеттің сүзгісінен өтті», — деді ол.
Депутат негізгі өзгерістерді санамалап берді:
- Ойын бизнесіне арналған шектеулер
✔ Ойын бизнесін жарнамалауға тыйым салу;
✔ Мемлекеттік қызметшілер мен борышкерлердің (3,5 млн адам) құмар ойындарына қатысуына тыйым салынды;
✔ Лицензияланбаған онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселерді бұғаттау; - Ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорғау
✔ Вандализм үшін жазаны қатаңдату. - Ғалымдар, инженерлер, құрылысшылар, аграршылар үшін құрметті атақтар беру
✔ Марапаттау жүйесін кеңейту - Әйелдер мен балаларды қорғау
✔ Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
✔ Педофилия үшін өмір бойына жаза тағайындау;
✔ Өзін-өзі өлтіруге итермелеу және оны насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік;
✔ Алдын алу шараларын күшейту - Батырлардың есімімен атау
✔ Айбын орденінде енді Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері бар. - Ономастиканың жаңа ережелері
✔ Қайта атау үшін енді орталық органның келісімі керек.
«Ұлттық құрылтай — жеке бастама емес, Президенттің кең ауқымды реформалық саясатының бір бөлігі», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.