Киелі Маңғыстаудың төріндегі Айрақты тауының етегінде қоқыс теріп жүрген әкімді көрген жұрт әуелде таңданысын жасырған жоқ. Қолына қап ұстап, өңірдің ең көрікті жерін тазартуға білек түре кіріскен Нұрдәулет Қилыбай өзімен бірге бір топ ерікті мен әкімдік қызметкерлерін ертіп шықты деп жазады Ertenmedia.kz.
Әкімнің атап өткеніндей, өңірге келетін туристердің қарасы мол болғанымен, тазалық мәдениетінде әттеген-ай дейтін кемшілік көп болып тұр.
Айрақтының баурайындағы үйіліп қалған қоқысты бір күн уақытын қиып, жинап шыққан Қилыбайдың командасы өңірге келетін туристерге үлкен өтініш айтып отыр.
«Табанымыздың астындағы қара жер бабаларымыздың қаны мен тері тамған қасиетті мекен. Осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырған әр азаматтың алдында бір ғана міндет бар. Ашығын айтқанда, соншалықты ауыр міндет емес.
Туған даланы қастерлеу, табиғатты таза ұстау, қолындағы қоқысты далаға тастай салмай, қолтығына қыса кету. Айрақтыдай әдемі, көркем мекеннің қоқысқа бөгіп жатқанын көру қиын. Дәл осындай туристік нысандар Маңғыстауда жертіп артылады.
Әрқайсымыз қай жерде болсақ та, айналамызға құрметпен қарап, ұрпағымызға тазалық пен табиғатты қорғау мәдениетін жеткізетін уақытта келдік. «Таза Қазақстан» идеясын жүзеге асыру Президентіміздің ғана емес, әрқайсымыздың парызымыз», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шараға мемқызметкерлерден бөлек, жергілікті еріктілер мен экологтар да атсалысып, Айрақтының айналасын күл-қоқыстан тазартты.
Ал облыс әкімі өңірге қыдырып келетін қонақтардан алды-артын тазалап кетуді сұрап отыр. Айрақтының айналасын мұқият аралап шыққан Қилыбай бүгінгі шараны бір күндік науқан емес, тұрақты әдетке айналдырмақ.
Өңір басшылығы Маңғыстаудың келімді-кетімді адамы көп әдемі жерлерін бақылауға алып, қонақ екенін ұмытып кейбір азаматтарға қатаң ескерту жасамақ. Айта кетелік, биылдан бастап қоқыс тастап, тал-теректі зақымдаған немесе аула мен көшедегі тәртіпті бұзған азаматтарға айыппұлды тікелей әкімдіктер сала алады. Толығырақ осы тұстан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







