Қазақстанда 2025/2026 оқу жылы мәресіне жетті. Биыл еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы мектеппен қоштасып жатыр. Олардың 31 мыңнан астамы 9-сыныпты үздік аяқтаса, 11-сынып түлектерінің арасынан 18 мыңға жуық оқушы «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
25 мамырда республиканың барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Жиын барысында оқушылардың жетістіктері сараланып, оқу жылы қорытындыланады. Сонымен бірге, «Адал азамат» тәрбиелеу бағдарламасының негізгі құндылықтары талқыланады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығына сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, демалыс базалары мен табиғат аясында атап өтуге тыйым салынған.
«Мектеп бітіру кештеріне орай ата-аналардан, заңды өкілдерден және оқушылардан ақша жинауға, сыйлық пен басқа материалдық құндылықтарды талап етуге жол берілмейді. Аттестат пен диплом тапсыру рәсімдері тек білім беру мекемелерінің ғимаратында өтеді», – деп атап өтті министрліктің ресми өкілдері.
Айта кетейік, еліміздегі мектептерде қазіргі уақытта 420 мыңнан астам ұстаз қызмет атқаруда. Әзірде ғана депутат Аймағамбетов мектеп бітіру кешіне қатысты маңызды мәлімдеме жасап, ысырыпқа жол бермеуді талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







