Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Шаһар басшысы бірнеше аумақты аралап, халықтың ұсынысы мен өтінішін тыңдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу 17-шағынауданда, City Park саябағында, Молдағұлова көшесіндегі №6 үйдің ауласында және Ескі қалашық аумағында өтті. Қала әкімі аталған орындардың қазіргі жағдайымен танысты.
Тұрғындар мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіпкерлік нысандарының жұмысы және қараусыз қалған жануарларды аулау мәселесін көтерді. Сумен жабдықтау мен су бұру жүйесінің жағдайына қатысты ұсыныстар да айтылды.
Сонымен қатар аумақтарды тазалау, қоқысты уақтылы шығару, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау мен күтіп-ұстау мәселелері талқыланды. Тұрғындар аулалардағы инфрақұрылымды жақсартуды сұрады.

Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды абаттандырылған аумақтарға ұқыпты қарап, тазалықты сақтауға шақырды. Қала әкімі балалар мен спорт алаңдарының жабдықтарына зақым келтірмеу қажеттігін атап өтті.
Мұндай нысандар қала тұрғындарының ортақ игілігі саналады. Сондықтан олардың сақталуы коммуналдық мекемелердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың жауапкершілігіне де байланысты.
Кездесуде қоғамдық тәртіпті сақтау және түнгі уақытта тыныштықты қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Көпқабатты үйлердің аулаларына қосымша бейнебақылау камераларын орнату ұсынылды.
Тұрғындар жекелеген ғимараттар мен құрылыстардың заңдылығын тексеруді де сұрады. Сондай-ақ баспаналардың нысаналы мақсатын коммерциялық қызмет жүргізу үшін өзгерту мәселесі қаралды.
Кездесу қорытындысында жауапты тұлғаларға айтылған өтініштерді зерделеп, тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Мәселелердің орындалу барысы бақылауға алынбақ.
Көшпелі кездесулер аумақтың жағдайын жергілікті жерде бағалауға және шешімін күткен мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай формат тұрғындармен кері байланысты нығайтып, басым міндеттерді нақтылауға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







