Жетісу облысында Алакөл жағалауын дамыту және санитарлық тазалықты күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, облыс құрылғаннан бері туризм саласына, соның ішінде Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуға жүйелі көңіл бөлініп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, демалыс аймағында санитарлық тазалық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты бағыттың біріне айналған.
Ақши және Көктұма ауылдарындағы жағалау тазалығын тұрақты бақылау үшін арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылған. Қазір онда 50-ге жуық адам еңбек етеді. Тазалық жұмыстарына 20-дан астам техника жұмылдырылған.
Коммуналдық жағажай аумағына 720 қоқыс контейнері қойылған. Сонымен қатар 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана және 45 биодәретхана орнатылған. Бұл демалушыларға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, жағалаудағы санитарлық тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.
Алакөлдегі шағын жүзу құралдарының қозғалысын реттеу де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы Жетісу облысында ортақ су пайдалану және су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілді. Құжатта суда жүру тәртібі, қауіпсіздік талаптары және оларды бұзған жағдайда қаралатын жауапкершілік нақты көрсетілген.
Демалушылардың қауіпсіздігі үшін жағалау аумағында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл жұмысқа 14 құтқарушы мен 11 моторлы қайық тартылды. Биылғы шомылу маусымында қоғамдық тәртіпті бақылауға 50 полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік және 5 дрон жұмылдырылған.

Мамандар күн сайын суда да, жағажайда да рейд жүргізеді. Жағалау аумағының жай-күйі, экологиялық тәртіптің сақталуы және қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар бейнебақылау арқылы да қадағаланады.
Орнатылған камералар жергілікті полицияның Жедел басқару орталығы жүйесіне қосылған. Соның арқасында қоқыс тастайтын, көлігін рұқсат етілмеген жерге қоятын немесе өзге де тәртіп бұзатын азаматтар бейнежазба арқылы анықталып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Демалушылар жағалаудағы өзгерістерді оң бағалап отыр. Олардың айтуынша, биыл тазалыққа ерекше мән берілгені бірден байқалады. Киім ауыстыратын орындар, жаңа дәретханалар, бейнекамералар қойылып, жағажайдың жалпы күтімі жақсарған.
Демалысқа келген тұрғындардың бірі Алакөлге жыл сайын отбасымен келетінін айтты. Оның сөзінше, көлдің емдік қасиеті мен табиғаты демалушыларды тартады. Биыл жағажайдағы тазалық, инфрақұрылым және қауіпсіздік шаралары бұрынғыдан әлдеқайда жүйелі көрінеді.

Алакөл жағалауында соңғы үш жылда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған ірі жобалар іске асырылды. Көлге апаратын автожолдар жаңартылып, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Жазғы маусымда темір жол бағыты мен әуе рейстері тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Жағалауды электр қуатымен тұрақты қамту үшін 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл электр қуаты тапшылығын жойып, демалыс аймағы үшін қажетті энергия қорын қалыптастыруға жол ашты.
Қазір Алакөл жағалауында тәулігіне 6, 5 мың текше метр су тазарта алатын кәріз тазарту қондырғысының екінші кезеңі салынып жатыр. Жобалық қуаты жағынан ол елдегі ірі нысандардың бірі саналады.
Сонымен бірге жағалауды бекіту жобасы жалғасуда. Жағалау жиегінің шайылуын болдырмауға арналған жоба 14 шақырымға жуық аумақты қамтиды. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталған. Оны келесі жылдың жазында аяқтау жоспарланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







