Алматы метросында техникалық ақау болып, пойыз тоқтады. Оқиға 17:02-де «Алатау» станциясында болған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жолаушылардың вагоннан шығарылғаны және түтін байқалғаны айтылған. Метрополитен өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
«Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолаушылар пойыздан түсірілді. Олар келесі келген пойызбен бағыт бойынша сапарларын жалғастырды. Техникалық ақауы бар пойыз «Москва» станциясындағы резервтік жолға жіберілді. Метро жұмысында өрт немесе түтін болған жоқ, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеді», – деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта пойыздар қозғалысы қалыпты режимде жалғасуда.
Еске сала кетсек, бұған дейін наурыз айында Алматы метросында жаңа турникеттер орнатылып, ұзын кезектер пайда болған еді.
Алматыда метро жолаушылары рельске құлап кету қаупін азайту үшін 7,1 млрд теңгеге платформалық есіктер орнатылатынын жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







