Бас прокуратура ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен іздеу жариялаған атышулы бухгалтер Грекиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күдікті 2024 жылдың маусым айында Афинада ұсталған еді. Қазақстанмен тікелей әуе қатынасының болмауына байланысты, әйел Сербия аумағы арқылы транзитпен жеткізіліп, бүгін Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті 2021 жылы Алматыдағы бір көлік компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген. Ол компания басшысынан «банктік ұяшыққа орналастырамын» деген сылтаумен 230 мың доллар (2026 жылдың сәуіріндегі бағам бойынша 106,9 млн теңге) алған. Бірақ ақшаны ұяшыққа салудың орнына оны өз қажетіне жаратып, кейін елден қашып кеткен.
Қазір осы іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Бұған дейін Астанада «өлі жандардан» пайда тапқан мектеп директорының былық-шылығын әшкерелеген едік. Бухгалтермен тандем құрған мектеп басшысы 600 млн теңгені қылғытып жібергені белгілі болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







