2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасына жалпы құны 476,9 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба тартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібі, туризм, денсаулық сақтау, көлік және логистика сияқты негізгі салаларды қамтыды. Соның нәтижесінде мегаполисте 6,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Инвестицияның негізгі бөлігі алты ірі жобаға тиесілі. Олардың жалпы құны 440,5 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалар Алматының өндірістік қуатын арттырып, өнеркәсіп әлеуетін күшейтуге және жергілікті өнім шығару көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2026 жылы қаланың инвестициялық саясаты жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға және индустриялық инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталмақ. Осы арқылы Алматы тек сауда мен қызмет көрсету орталығы ғана емес, заманауи өндіріс шоғырланған ірі экономикалық алаң ретінде де дамуды көздеп отыр.
Негізгі жобалардың бірі «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатыр. Viva Pharm компаниясы толық циклді фармацевтикалық зауыт салуда. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 200 млн таблеткаға дейін өндіре алады. Мұндай жоба дәрі-дәрмек өндірісіндегі импортқа тәуелділікті азайтып, отандық фармацевтика саласының мүмкіндігін кеңейтеді.
Алматы индустриялық аймағында Sapa Industry Group автоклавты жеңіл бетон шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. Кәсіпорын жыл сайын 50 мың текше метр қабырға панелі мен 150 мың текше метр газоблок өндіруді жоспарлап отыр. Құрылыс материалдары өндірісінің артуы қаладағы тұрғын үй және инфрақұрылым жобалары үшін маңызды ресурс қалыптастырады.
CA-International компаниясы жылына 4 мың тоннадан астам өнім шығаратын табақты поливинилхлорид өндірісін іске қоспақ. Сонымен қатар NARPRINT компаниясы тұрмыстық және шаруашылыққа арналған қағаз өнімдері мен жапсырма өнімдерін өндіруді қолға алады. Жоспарланған өндіріс көлемі жылына шамамен 830 тонна болады.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа өндірістердің іске қосылуы қалада қосымша жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіптік базаны кеңейтіп, Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Инвестициялық жобалардың өндіріс, медицина, құрылыс материалдары және логистика салаларын қамтуы мегаполис экономикасын әртараптандыруға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







