Алматы облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында алғаш рет дауыс берген жастардың бірі – 18 жастағы Сұңғат Қияқбаев. Ол Қонаев қаласындағы №943 сайлау учаскесіне келіп, өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, таңдауын жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жас сайлаушы үшін бұл күннің орны ерекше. Бұған дейін Сұңғат сайлау барысын тек жаңалықтардан бақылап келсе, биыл алғаш рет өзі дауыс беруге қатысып, өңірдің дамуына байланысты шешім қабылдайтын мәслихат депутаттарын таңдауға өз үлесін қосты.
Жастардың азаматтық белсенділігі
Оның айтуынша, жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына және спортпен шұғылдануына жағдай жасау маңызды. Сондай-ақ, оның пікірінше, қоғамдық көліктің қолжетімділігіне және спорт инфрақұрылымын дамытуға назар аудару қажет.
«Бүгін мен үшін ерекше әрі есте қаларлық күн. Мен 18 жасқа толдым және алғаш рет мәслихат депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасадым. Бұл үлкен жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің көрінісі. Өз дауысымды бере отырып, қаламыз бен еліміздің болашағына бейжай қарамайтынымды көрсеттім. Әрбір азаматтың дауысы маңызды деп есептеймін. Өңіріміздің дамуы әрқайсымыздың таңдауымыздан басталады», – деп атап өтті Сұңғат Қияқбаев.
Жас сайлаушы алдағы уақытта да қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысып, туған қаласының өркендеуіне үлес қосуға ниетті. Оның пікірінше, азаматтық жауапкершілік өз құқықтарын жүзеге асырудан және ел өміріне бейжай қарамаудан басталады.
Айта кетейік, Алматы облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 1 056 474 адам қатысуға құқылы. Олардың қатарында биыл 18 жасқа толған 8 296 жас бар. Өңірде таңғы сағат 7:00-ден бастап 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







