Алматы облысындағы Sokol International Circuit автодромында Орталық Азия тарихындағы алғашқы FIA Central Asia Drifting Cup 2026 жарысы өтті. Халықаралық доданың үш жүлдесін де қазақстандық пилоттар иеленді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Үш күнге созылған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 20 автошабандоз қатысты. Доданы Қазақстанның Автомотоспорт федерациясы мен Қырғызстанның Автомотоспорт және жол қауіпсіздігі федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Жарыс Халықаралық автомобиль федерациясының аймақтық Кубогы аясында өткізілді.
Пилоттар алдымен іріктеу кезеңінде шеберлігін көрсетті. Олар көлікті жоғары жылдамдықпен басқарып, күрделі бұрылыстарды сырғанай өту дәлдігі бойынша бағаланды. Үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар кейін жұптық сайыста жеңімпазды анықтады.
Көк түтінге оранған автодром
Автодромға жиналған жанкүйерлер жүйткіген көліктерді, дөңгелектен шыққан көк түтінді және бұрылыстардағы тартысты тамашалады. Көрермендер жарыс машиналарын жақыннан көріп, пилоттармен тілдесіп, қолтаңба алды. Қазақстан, Қырғызстан және FIA туларын ұстаған парашютшілердің өнері де ашылу салтанатына ерекше көрік берді.
Халықаралық жарыстың ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысты. Ол FIA-ның алғашқы аймақтық дрифт Кубогының Қазақстанда өтуі Орталық Азиядағы автоспорттың дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай дода халықаралық тәжірибе жинауға және өңірдегі автоспорт мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Автоспорттан халықаралық деңгейдегі жарысты Алматы облысында ұйымдастыру біз үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа тәжірибе. Бүгінгі дода Орталық Азия елдерінің спортшыларын тоғыстырып, тәжірибе алмасуға және кәсіби шеберлікті шыңдауға жол ашады. Сонымен қатар өңірдегі автоспорт мәдениетінің дамуына ықпал етеді», – деді Ғани Майлыбаев.
FIA Дрифт комиссиясының төрағасы Коичи Мурата ұйымдастырушылардың жұмысына жоғары баға берді. Жапониялық маман Қазақстан мен Қырғызстанның автомотоспорт федерацияларына, Sokol International Circuit командасына және техникалық қызметкерлерге алғыс айтты. Халықаралық мамандар үшін де Орталық Азиядағы алғашқы Кубок маңызды тәжірибеге айналды.
Рөлі істен шықса да жарысты тоқтатпады
Финалдық бәсеке күтпеген жағдаймен есте қалды. Қазақстандық Олег Хридочкин мінген көліктің рөл гидрокүшейткіші істен шығып, механиктерге ақауды жөндеуге бес минут берілді. Мамандар белгіленген уақытта көлікті қалпына келтіре алмады.
Соған қарамастан Хридочкин жарыс жолына қайта шықты. Рөлді басқару қиындағанына қарамастан, ол шешуші жүрісті соңына дейін жеткізді. Төрешілер екі жүрістің нәтижесін қорытындылап, жеңісті қазақстандық пилотқа берді.
«Көлігімнің рөлі істен шыққаннан кейін жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Бас жүлде қарсыласым Михаилға бұйыратынына сеніп, оны жеңісімен құттықтап та қойдым. Шынымды айтсам, қара күштің арқасында ұттым», – деді Олег Хридочкин.
Нәтижесінде Nissan 200SX көлігін тізгіндеген Олег Хридочкин FIA Central Asia Drifting Cup 2026 Кубогының жеңімпазы атанды. Nissan 350Z көлігімен жарысқан Михаил Пак екінші, Nissan 200SX пилоты Александр Бочкарев үшінші орын алды. Осылайша тұғырдың үш сатысына да Қазақстан өкілдері көтерілді.
Жеңімпазға 6,5 млн теңге табысталды. Екінші орын иегері 4,5 млн теңге, ал үшінші орын алған пилот 3,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Қазақстан құрамасының нәтижесі елдегі дрифт мектебінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Алғашқы аймақтық Кубок Орталық Азия пилоттарына FIA аясында сынға түсуге жол ашты. Ұйымдастырушылар, төрешілер мен техникалық мамандар халықаралық жарыс өткізу тәжірибесін жинады. Алматы облысындағы дода аймақ автоспортының жаңа кезеңін бастап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







