Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайдың YTO Express компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Шараға компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Юй Вэйцзяо мырза және Қазақстанның логистика саласының өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан өңір басшысы YTO Express компаниясымен әріптестік байланыстар орнаған сәттен бері бұл төртінші кездесу екенін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың шілде айында Алматы облысы делегациясының Қытайға ресми сапары барысында тараптар алғаш рет кездесіп, компанияның жобаларымен және ұсыныстарымен танысқан болатын. Кездесу аясында тараптар Алматы облысында YTO Express компаниясының қатысуымен заманауи логистикалық хаб салу жоспарын талқылады.
Бұл жоба электрондық коммерция тауарларын қабылдау, өңдеу, сақтау және жеткізу бойынша өңірлік және ұлттық деңгейдегі логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
«Алматы облысы көлік-логистика саласында зор әлеуетке ие. Біз осы салада инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тартуға ниетті серіктестерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Юй Вэйцзяо мырза компания қызметі туралы таныстырылым жасап, YTO Express-тің Қазақстандағы жобалары мен даму жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, Алматы облысы компанияның жаһандық логистикалық желісін дамыту жолындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болып табылады.
Кездесу барысында сонымен қатар, «Қазпошта» АҚ және өзге де жергілікті серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері де талқыланды. Тараптар Қазақстанның өңірлік логистикалық хаб ретінде дамуына өзара ынтымақтастықтың оң ықпал ететініне сенім білдірді.