Таңмен таласа басталған сенбілік Алматы облысының саябақтары мен аулаларын ғана емес, тұрғындардың ортақ іске деген ықыласын да жаңғыртты. Дүниежүзілік тазалық күніне арналған шараға 40 мыңнан астам адам қатысып, 2230 тонна қалдық шығарылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпыхалықтық сенбілікке облыс тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді қатысты. Олар саябақтарды, аулаларды және қоғамдық кеңістіктерді қоқыстан тазартты. Қонаев қаласында өткен көгалдандыру жұмыстары кезінде 200 түп алма көшеті отырғызылды.
Игі іске облыс әкімі Шыңғыс Әрінов те атсалысты. Ол қоршаған ортаны таза ұстау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Аймақ басшысы тұрғындарды «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды.
Бір күн ішінде облыс бойынша 762 гектар аумақ тазартылды. Жиналған қалдықтарды шығару және аумақтарды ретке келтіру үшін 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Ауқымды жұмыс экологиялық акцияның жекелеген елді мекендермен шектелмей, тұтас өңірді қамтығанын көрсетті.

Алматы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының өкілі Алина Түсіпбаеваның айтуынша, тазалық жұмыстары 31 апта бойы жалғасып келеді. Осы кезеңде 730 мыңға жуық адам қатысып, 10 мың гектар аумақ тазартылған және 104 081 түп ағаш отырғызылған. Іс-шараларға 4200-ден астам техника пайдаланылды.
Сенбілікке қатысқан облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Шахит Лабазанов қаланың көркеюі тұрғындардың ортақ еңбегіне байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, бүгін отырғызылған ағаштар ертең балалар мен немерелер тынығатын саялы орынға айналуы керек. Ол экологиялық шара халықтың бірлігі мен туған жерге деген жанашырлығын айқын көрсеткенін атап өтті.
Өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір күндік науқаннан тұрақты жұмыс жүйесіне көшіп келеді. 2026-2030 жылдарға арналған жоспар бойынша Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Ендігі міндет көшет санын көбейтумен қатар, әр ағаштың жерсінуін және тұрақты күтімге алынуын қамтамасыз ету болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







