Алмалы ауданында қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті қаланың бірыңғай дизайн-кодына сәйкестендіріліп жатыр. Жобаның басты мақсаты – Алматы орталығындағы серуен аймақтарын бір-бірімен байланыстырып, тұрғындарға қолайлы әрі көрікті орта қалыптастыру, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің айтуынша, биыл 60 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеумен қамтылған. Қазіргі уақытта 41 нысандағы жұмыс толық аяқталды. Қалған ғимараттарда жаңарту шаралары жалғасып жатыр.
Қасбеттерді жөндеу кезінде ғимараттардың сәулеттік ерекшелігі мен қалалық дизайн-код талаптары ескеріледі. Үйлер табиғи тас және гранитпен қапталып, балкондары ортақ стильге келтіріледі. Кондиционерлер арнайы сәндік себеттерге орналастырылып, архитектуралық жарықтандыру жүйесі орнатылады.
Тарихи маңызы бар ғимараттарға бөлек талап қойылған. Мұндай нысандардағы сылақтан жасалған сәндік элементтер қалпына келтіріліп, бастапқы сәулеттік келбеті барынша сақталады. Нәтижесінде жаңарту жұмысы қаланың тарихи бейнесіне нұқсан келтірмей жүргізілуге тиіс.
Серуен аймақтары бір бағытқа біріктіріледі
Аудан орталығында бірнеше көшені қамтитын бірыңғай жаяу жүргіншілер бағыты қалыптасып келеді. Бағыт Байсейітова және Панфилов көшелеріндегі серуен аймағын Масаншы мен Қарасай батыр көшелері арқылы Абай даңғылымен байланыстырады. Осылайша тұрғындар қала орталығын жаяу аралауға қолайлы тұтас кеңістікке ие болады.
Панфилов және Чайковский көшелері мен Гагарин даңғылындағы абаттандыру жұмысы аяқталған. Қазір Қарасай батыр мен Құрманғазы көшелеріндегі аумақтар жаңартылып жатыр. Жас көрермендер театрының алдындағы алаңқай да күрделі жөндеуден өтеді.
Абаттандырылатын аумақтарға автоматты және тамшылатып суару жүйелері орнатылады. Мұндай тәсіл өсімдіктерді тұрақты күтіп-баптауға және суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Жаяу жүргіншілер аймағын көгалдандыру кезінде көпжылдық бұталарға басымдық беріліп отыр.
Көшелерді жарықтандыру жүйесі де кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Тротуарлар бойына 300 жаңа шам орнатылды. Ауданның тағы алты көшесіне 500 жарықтандыру бағанын қою жоспарланған.
Кәсіпкерлер көгалдандыруға атсалысады
Аудан кәсіпкерлері де іргелес аумақтарды көркейту жұмысына тартылды. Жасалған 1648 «Абаттандыру паспорты» аясында бизнес өкілдері өз нысандарының маңына өсімдік егіп, оларды күтіп ұстауға міндеттеме алған. Мұндай үлгі қоғамдық кеңістіктің жағдайына әкімдікпен бірге кәсіпкерлердің де жауапкершілігін күшейтеді.
Алмалы ауданында жыл соңына дейін 70 мың көпжылдық бұта отырғызу көзделген. Қазір оның 45 мыңы егіліп үлгерді. Қасбеттерді жаңарту, көшелерді жарықтандыру және жаяу бағыттарды біріктіру Алматы орталығының келбетін біртіндеп өзгертіп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







