Жоба аясында табиғи аумаққа келетін әсер жергілікті сипатта болады және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мардымсыз ғана бөлігін қамтиды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 200 мың гектардан асады. Жобаны әзірлеушілердің мәліметінше, Алматы тау кластерін жүзеге асыру аясында қамтылатын аумақтың көлемі ұлттық парктің жалпы аумағының 0,049%-ын құрайды.
Табиғи аумаққа түсетін жүктеме ескеріледі
Осылайша, әңгіме ұлттық парк аумағын ауқымды игеру туралы емес, шектеулі телімдерге ғана тиетін әсер жайында болып отыр. Инфрақұрылымды жобалау кезінде аумақтың табиғи ерекшеліктері, қолданыстағы жүктеме және қоршаған ортаға тиетін әсерді азайту қажеттілігі ескеріледі.
Жасыл қорды сақтау мен қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Заңнама талаптарына сәйкес, жоба аясында қозғалатын жасыл желектердің орнына өтемақы ретінде жаңа көшеттер отырғызу көзделген. Қалпына келтіру іс-шаралары инфрақұрылымдық шешімдерді жүзеге асыру барысында кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Тау туризмінің тұтас жүйесі
Бұл орайда тау кластері – тек аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассалары ғана емес. Бұл қауіпсіз бағыттарды, заманауи инфрақұрылымды, инженерлік қамтамасыз етуді, экологиялық шешімдерді және тауға жыл бойы баруға арналған жағдайды қамтитын тау туризмінің тұтас жүйесін құру болып саналады.
Мұндай тәсіл жекелеген нысандарды жүйесіз дамытудан таулы аумақты кешенді басқаруға көшуге мүмкіндік береді, мұнда инфрақұрылымдық шешімдер табиғи ерекшеліктерді және ландшафты сақтау қажеттілігін ескере отырып жоспарланады.
Тауларды дамыту таулардың табиғи құндылығын төмендетпей, адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауы тиіс. Алматы тау кластерінің тұжырымдамасы дәл осы қағидатқа негізделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







