Алматыда тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған ең төменгі тарифті көтеру ұсынылды. Қазір қалада бұл төлем 1 шаршы метр үшін 40 теңгені құрайды. Жаңа жоба мақұлданса, тариф 70 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Құжатты Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы әзірлеген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме тұрғындардың ай сайын КСК, ОСИ немесе басқарушы компанияға төлейтін ағымдағы жарналары туралы болып отыр. Төлем түбіртегінде ол көбіне «тұрғын үйді күтіп ұстау шығыны», «ортақ үй қажеттілігі» сияқты атаумен көрсетіледі.
Егер жаңа тариф бекітілсе, тұрғындардың ай сайынғы төлемі айтарлықтай өседі. Мысалы, ауданы 70 шаршы метр пәтер үшін қазір 2800 теңге төленсе, жаңа тариф бойынша бұл сома 4900 теңгеге жетеді. Яғни төлем шамамен екі есеге жуық артады.
Бұл қаражат көпқабатты үйді күтіп ұстауға, кіреберістерді тазалауға, ағымдағы жөндеу жұмыстарына, өрт қауіпсіздігіне, ортақ мүлікке жұмсалатын коммуналдық қызметтерге, соның ішінде подъездегі жарыққа бағытталады.
Заң бойынша мұндай жарнаны пәтер және тұрғын емес үй-жай иелері төлеуге міндетті. Ең төменгі тариф бекітілген деңгейден төмен болмауы керек. Бірақ тұрғындар жалпы жиналыста өз үйінің жағдайына қарай көбірек төлеу туралы шешім қабылдай алады.
Бұл, әдетте, қосымша жөндеу, күрделі жұмыстар немесе үйдің ортақ мүлкін жақсарту қажет болған жағдайда қарастырылады.
Жаңа тариф бекітілсе, Алматыдағы көпқабатты үйлерді күтіп ұстау шығыны артады. Енді негізгі мәселе – төлем өскен жағдайда басқарушы ұйымдар бұл қаражатты қаншалық ашық әрі тиімді жұмсайтынында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







