Алматыда қала әкімдігінің хабарлауынша, 4 қазаннан бастап коммуналдық мамандандырылған тұрақтарда ұсталған автокөліктерді эвакуациялау және сақтау ақысын төлеудің бірыңғай тәртібі күшіне енеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тарифтер мен төлем шарттары
Тарифтерді 18 қыркүйек күні мәслихат депутаттары бекітті. Төлемнің нақты мөлшері:
– эвакуация – 3 АЕК (2026 жылы 12 975 теңге);
– жеңіл автокөлікті алғашқы тәулікте сақтау – 2,5 АЕК (10 812,5 теңге);
– одан кейінгі әрбір тәулік үшін – 5 АЕК (21 625 теңге).
Егер көлік иесі көлігін эвакуацияланған күні сағат 18.00-ге дейін алып кетсе, сақтау үшін ақы төлемейді. Сағат 18.00-ден кейін тұрақ үшін ақы есептеле бастайды.
«Қазіргі уақытта коммуналдық мамандандырылған тұрақтарда тұрған автокөлік иелеріне оларды 3 қазанға дейін (қоса алғанда) алып кету ұсынылады. Жаңа тәртіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде ұсталған және эвакуацияланған көлік құралдарына қолданылады», – деп ескертті әкімдік өкілдері.
Астана және Алматы қалаларының мәслихаттары ұсталған көліктерді эвакуациялау мен сақтау ақысын дербес белгілеу құқығына 2025 жылы ие болған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







