Алматының Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін қала дизайн-кодына сай жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Биыл аудан аумағындағы 67 үйдің сыртқы келбетін ретке келтіру жоспарланған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаның жүзеге асырылу барысын Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин таныстырды.
Оның айтуынша, жөндеу жұмысы сәуір айында басталған. Алғашқы кезеңде Абай даңғылы, Сәтбаев, Тимирязев көшелері мен өзге де ірі магистраль бойындағы үйлер іріктелді.
Әр ғимаратқа жеке дизайн-жоба әзірленеді. Жоба барысында үйдің бастапқы сәулеттік келбеті, орналасқан ортасы және көршілес нысандармен үйлесімі ескеріледі.
– Негізгі міндет үйлерді бір үлгіге түсіру емес, олардың сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, қаланың ортақ дизайн-кодымен үйлестіру, – деді Мирас Зейнолдин.
Жөндеу кезінде травертин, гранит және алюминий композиттік панельдер қолданылады. Олар жауын-шашынға, желге және температура өзгерісіне төзімді.
Қазір 47 үйде құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Төрт нысанның қасбеті толық аяқталған.
Бағдарлама аясында балкон ойықтары, сәндік элементтер мен кіреберіс топтары да жаңартылады. Кей үйлерге сәулеттік жарықтандыру орнатылады.
– Алғашқы нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындар нәтижені оң бағалады. Қазір өз үйлерін бағдарламаның келесі кезеңіне енгізуді сұрап отырған азаматтар көбейді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жоба тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, қасбеттердің пайдалану мерзімін ұзартуға және ауданның біртұтас сәулеттік бейнесін қалыптастыруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







