Алматыда ұсталған блогерлерге қатысты жаңа ақпарат шықты. Полиция олардың екі айға қамауға алынғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Бопсалау күдігімен ұсталған блогерлерге сот қаулысымен екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», — деді қалалық полиция департаменті өкілі.
Полицияның мәлімдемесі
23 қаңтарда полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша Алматыда кәсіпкер мен екі блогерді ұстады.
«Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп жазылған хабарламада.
Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталғандар кімдер?
ҚазТАГ мәліметіне сүйенсек, ұсталған блогерлер – Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов.
«Көшеев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында қоғамдық тәртіпті бұзу туралы іс бойынша 15 тәулікке қамауға алынған болатын», — деп жазылған ақпаратта.