Алматыда төтенше жағдай кезінде халықтың қайда жиналатыны әлі күнге белгісіз. Жер сілкінісі қаупі жоғары қалада эвакуация жүйесі мүлде ойластырылмаған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Алматының бас жоспарын зерттей келе, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды жинау және эвакуациялау үшін қоғамдық орындар мен қауіпсіз алаңдардың қарастырылмағанын анықтаған.
«Мысал ретінде №131 мектеп-лицейді айтуға болады. Аталған мектеп №289 эвакуациялық жиналу пункті ретінде белгіленген. Алайда оның аумағында №115 балабақша салынған, тағы бір ғимарат салу жоспарланып отыр. Осылайша эвакуациялық орынның аумағы тарылып кеткен», – деді депутат өз сауалында.
Смирнова Алматыда мұндай орындардың жоқтығын сынға алып, қала бойынша қоғамдық орындар мен саябақтардың жаппай құрылысқа беріліп жатқанын айтты.
«Шын мәнінде, Алматыда халықты жинайтын және эвакуациялайтын қауіпсіз орындар қарастырылмаған. Қаланың қай ауданын алсақ та, бос жатқан жерлер мен алаңқайлар түгел құрылысқа кетіп жатыр. Жер сілкінісі кезінде адамдар қайда барып, қалай жиналатынын ешкім білмейді», – деді депутат.
Қазақстан халық партиясының депутаттары Төтенше жағдайлар министрлігіне осы мәселені дереу тексеріп, тиісті шара қолдануды, ал Бас прокуратураға эвакуациялық орындардың жоқтығына құқықтық баға беруді сұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







