Қытай сояны есептемегенде, АҚШ-тың ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау көлемін соңғы жеті жылдағы ең төменгі деңгейге дейін азайтты. Бұл жағдай екі ел арасында бұрын қол жеткізілген ауқымды сауда келісімінің орындалуына қатысты күмәнді қайта күшейтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Келісім бойынша Бейжің 2026 жылдан бастап АҚШ-тан жылына кемінде 17 миллиард доллардың ауыл шаруашылығы тауарын сатып алуға міндеттелген болатын. Аталған сомаға соя кірмейді, себебі оған қатысты бөлек уағдаластық жасалған еді. Алайда кедендік деректерге жүргізілген талдау көрсеткендей, Қытай биылғы жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында соядан басқа агроөнімдерге небәрі 7,2 миллиард доллар жұмсаған. Көрсеткіш алғашқы сауда текетіресі шарықтаған 2019 жылдан бергі ең төменгі нәтиже саналады.
Америкалық фермерлердің алаңы және саяси қысым
Сауда белсенділігінің баяулауы жанармай шығыны артқан америкалық фермерлердің наразылығын тудырып отыр. Жүгері мен құмайға толы қоймалар өтім таппай, аграрлық өңірлердегі әлеуметтік көңіл күйге кері әсер етуде.
National Sorghum Producers қауымдастығының бас директоры Тим Ласт нарықтағы қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді.
«Біздің диқандар елжанды, бірақ қазір қамбалар астыққа лық толы және сауданың жанданғанын қалайды. Соя саудасы жүріп жатыр, алайда өзге өнімдер бойынша ешқандай қозғалыс жоқ», – деді Тим Ласт.
Ресми Бейжіңнің міндеттемелерді бұзған-бұзбағаны әзірге нақты емес. Вашингтон 17 миллиард долларлық міндеттеменің мерзімі мамыр айындағы жарияланымнан басталғанын немесе Қытайдың баж салығын төмендетуі күшіне енген соң ғана есептелетінін нақтылаған жоқ.
Бәсекелестік пен ішкі сұраныстың әлсіреуі
Америкалық экспортқа Қытайдың ішкі нарығындағы сұраныстың бәсеңдеуі мен жаһандық бәсекелестік кедергі келтіруде. 2021 жылы Қытай АҚШ-тан 5,6 миллиард долларға 20 миллион тоннадай жүгері сатып алған еді. Ал қазір қытайлық COFCO Futures сарапшылары елдің ішкі қоры мол екенін және америкалық жүгерінің баға бәсекесіне шыдас бермейтінін мәлімдеді. Жаңа маусымда АҚШ-тан бар болғаны 900 мың тонна шамасында ғана жүгері импортталуы мүмкін деген болжам жасалды.
Құмай жеткізуде де АҚШ-қа Бразилия тарапынан қатты қысым бар. Бразилия қытай нарығына былтыр қол жеткізгеннен бері экспорт көлемін қарқынды арттырып келеді. Маусым басынан бері бразилиялық астық тасушылар Бейжіңге 1,7 миллион тонна өнім жөнелтті.
Ет өнімдері экспортына қойылған тосқауылдар
Бұрын миллиардтаған долларды құраған ет экспорты да тығырыққа тірелді. Қытайда шошқа мен құс етінің ішкі өндірісі артығымен жеткілікті. Ал АҚШ сиыр етінің бағасы мал басының азаюына байланысты қымбаттап кеткен.
Реттеушілік кедергілер де толық жойылған жоқ. Мамырда қытайлық ведомстволар АҚШ-тың 400-ден астам ет комбинатына рұқсатты жаңартқанымен, АҚШ Ет экспорты федерациясының хабарлауынша, бордақыланған ірі қара етін өңдейтін кәсіпорындардың жартысына жуығы Қытайға өнім шығара алмайды. Кейбір кәсіпорындарға Қытайда рұқсат етілмеген қоспалар табылды деген желеумен тыйым салынған.
Сарапшылардың пікірінше, 17 миллиард долларлық межеге жету үшін Қытай үкіметі сатып алу процесін мемлекеттік компанияларға тікелей тапсыруға мәжбүр болады.
«Көп нәрсе Қытайдың сатып алуды қаншалықты мемлекеттік кәсіпорындарға жүктейтініне байланысты. Мемлекеттік тікелей тапсырыссыз, тек таза нарықтық жолмен соядан өзге тауарлар бойынша 17 миллиард долларлық межеге жету өте қиын», – деді Sitonia Consulting сарапшысы Дэрин Фридрихс.
Осылайша, екі держава арасындағы сауда мәмілесінің тағдыры енді нарықтық конъюнктураға емес, саяси шешімдерге тікелей тәуелді болып қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







