Алматылық жүргізушілерге жол ережесіне қатысты екі ай бұрынғы айыппұлдар келе бастаған. Себебі «Сергек» камералары жүргізушілердің екі ай бұрынғы жол ережесіне қатысты заңбұзушылықтарын тіркеген. Қалалық полиция департаменті бұл жағдайдың себебін түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Ведомствоның мәліметінше, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс нормаларына сәйкес, құқықбұзушылық жасалған күннен бастап әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі — екі ай.
«Егер жүргізуші екі ай ішінде айыппұл туралы тиісті түрде хабардар етілсе және айыппұл төлеу қажет екені туралы талап қойылса, бұл талап міндетті түрде орындалуға тиіс», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы жолдарында автоматты түрде 3,8 миллион жол ережесін бұзу оқиғасы тіркелген.