Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Әзербайжан Шешенстанға прокурорларды жіберді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әзербайжанның Бас прокуратурасы Ақтау маңындағы әуе апатын тергеуге қатысады, сондықтан Грозный қаласына мамандарды жіберді.
Құқық қорғау органдары Ақтау маңында жолаушылар ұшағы неліктен апатқа ұшырағанын тергеп жатыр. Бұл шаралар ел президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
«Осы мақсатта Бас прокуратураның қызметкерлері Грозный қаласына жіберілді. Ресей Федерациясының Бас прокуратурасымен келісім аясында ресейлік әріптестермен бірлесіп тергеу және басқа да процестік іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
25 желтоқсанда Бас прокурордың орынбасары Эльмар Джамаловтың басшылығымен прокуратураның тағы бір тобы Ақтауға жіберілген болатын. Олар апат болған жерде қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.
Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!