Қала мен ауылдың дамуы көбіне салынған нысан, жөнделген жол және игерілген қаражат арқылы бағаланады. Ұлттық аналитикалық орталық тұрғындардың күнделікті өмірдегі өзгерісті қалай сезінетінін анықтау үшін 2026 жылғы шілде-тамызда шағын зерттеу жүргізді, Нәтижесінде әр он тұрғынның сегізі қазіргі өмір сүру жағдайына көңілі толатынын айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресми көрсеткіштер атқарылған жұмыстың ауқымын көрсеткенімен, халықтың нақты көңіл күйін толық ашпайды. Сондықтан сауалнамада әлеуметтік нысандардың санына ғана емес, өмір сүру ортасының сапасына қатысты субъективті бағаға да назар аударылған. Нәтижесінде елді мекендердің даму динамикасына тұрғындар негізінен оң көзқарас білдірген.
Қатысушылардың басым бөлігі соңғы үш жылда қала мен ауылда оң өзгеріс болғанын атап өтті. Әр он адамның сегізі қазіргі тұрмыс жағдайына қанағаттанатынын айтқан. Ал респонденттердің шамамен үштен екісі алдағы уақытта да жағымды үрдіс жалғасады деп күтеді.
Тұрғындар ең алдымен жолдардың жөнделуін, қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуын, жаңа саябақтар мен көгалдандыру жұмысын байқаған. Өйткені адам үшін даму статистикалық есептен бұрын күн сайын жүретін көшесінің, демалатын ауласының және пайдаланатын қызметінің сапасынан көрінеді. Сонымен бірге сауалнама халықтың инфрақұрылымды әрі қарай дамытуға деген сұранысы әлі де жоғары екенін аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







