Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Оңдасын Оразалин «ҚМК Мұнай» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялаған құжатта көрсетілген, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Құжатқа сәйкес, компания акционерлерінің жалпы жиналысында директорлар кеңесінің құрамы өзгертілді. Нәтижесінде Е.А. Құрманғазин кеңестен шығарылып, оның орнына О.С. Оразалин енгізілді.
Жаңартылған директорлар кеңесі енді тоғыз адамнан тұрады, оның ішінде үш тәуелсіз директор бар. Кеңес төрағасы – Ли Шуфэн.
«ҚМК Мұнай» АҚ-ның негізгі акционерлері – Yukon Energy Holding S.A. және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, әрқайсысы 50% үлеске ие.
Айта кетейік, Оңдасын Оразалин 2019 жылдың ақпанынан 2022 жылдың тамызына дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарды. Бұған дейін, 2017-2019 жылдары Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған.