Қазақстанда Халықаралық волонтерлер жылы аясында «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акция өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ел көлемінде ұйымдастырылған бастама тарихи-мәдени мұраны қорғау ісін тек мекемелердің міндеті емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте алға шығарды.
Акцияны Қазақстанның Азаматтық альянсы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өткізді. Науқан 18 сәуір Тарихи ескерткіштер мен көрікті орындардың халықаралық күніне орайластырылған.
Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде еріктілер тарихи-мәдени нысандар маңын тазалап, абаттандыру жұмысына атсалысты, айналаны ретке келтіруге күш салды. Іспен қатар сөз де жүрді. Халыққа мұраның қадірін ұғындыруға бағытталған кең ақпараттық-ағартушылық жұмыс қатар ұйымдастырылып, жұртты ұлттық құндылықтарды сақтауға белсенді араласуға үндеу күшейді.
Акцияның ресми бастауын Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сарай кешені берді. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне кешеннің таңдалуы да тегін емес. Мұндай орындар тарихтың үнсіз куәсі ғана емес, ел жадын ұстап тұрған рухани тірек саналады.
Науқанның басты нәтижесінің бірі
Волонтерлік қозғалыстың өңірлік тірегін қалыптастыру болды. Елдің барлық 20 өңірінде «Madenietti Mura волонтерлері» клубы ашылды. Енді олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, азаматтық белсенділікті күшейту бағытында тұрақты түрде жұмыс істемек.
Бастаманың негізгі мақсаты да ауқымды. Әңгіме тек бір реттік сенбілік жайында емес. Мемлекет, азаматтық қоғам институттары мен жергілікті қауымдастықтың күшін бір арнаға тоғыстырып, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты көзқарас қалыптастыру, экологиялық мәдениетті күшейту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау машығын орнықтыру көзделіп отыр.
Осындай қадамдардан кейін мәдени мұраға қамқорлық ресми ұран деңгейінде қалмай, қоғамдық дағдыға айнала бастаса, акцияның шын нәтижесі де сол болмақ. Өйткені тарихты сақтау тасқа қарауыл қою емес, ұлттың жадын жоғалтпай ұстау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







