Әлеуметтік желіде дау тудырған, астаналық имамның үйі деген видеоны таратқан адам жұрттан кешірім сұрады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы видеоны таратқан адам туралы ақпарат жариялады.
«Мен осыдан екі күн бұрын интернет желісіне Астананың бас имамының үйі деп бір видео салған едім. Видеоны арам, жаман оймен түсірген жоқ едім. Шындығын айтсам, TikTok-қа саламын деп түсірген едім. Сол үшін бүкіл қазақ елінен кешірім сұраймын. Астананың бас имамынан, сол үйдің иесінен кешірім сұраймын. Мен де үш баланың әкесімін, жалғыз шешем бар. Мұсылман бауырларыңызды кешіріп қойыңыздар. Шу болып кетеді деп ойламадым. Жаман оймен түсірсем, видеоны өз парақшама салмайтын едім», — дейді видеодағы адам.
Айта кетейік, бірнеше күннен бері БАҚ пен әлеуметтік желіде «Астананың бас имамына тиесілі» делінген зәулім сарай төңірегінде қызу талқы жүрді. Бұл үй шын мәнінде кімдікі екені де анықталды. Нұрлан Лесбекұлы есімді азамат желіде талқыланған үйде бірнеше жылдан бері тұратынын айтты.
Ал бұған дейін желіде тараған видеода белгісіз ер адам «бас имамның үйі мешіт сияқты үлкен екенін, оның төрт әйелі барын» мәлімдеген еді.
«Не деген сарай мынау?! Төрт әйелі бар дейді. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді», — дейді видеода ер адам.
Кейінірек Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов те бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын», — деді ол.