Атырау қалалық полиция басқармасының экс-басшысы Бақтыбек Исаев жұмыстан шығарылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ведомство жүргізген жоспарлы қызметтік тексеріс кезінде қалалық полиция басшысының әрекетінен заңға қайшы жайттар анықталған.
Осы дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Министрлік Исаевтың белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарынан теріс негіздер бойынша босатылғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады.
Ведомство өзге мәлімет тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.
Шешім несімен маңызды?
Ресми түсіндірмеде қабылданған шешімдер Ішкі істер министрі ұстанып отырған қағидатты бағыт аясында шығарылғаны да атап өтілген. Яғни қызметтегі лауазымына қарамастан, заң мен тәртіпті бұзған әр адам жауапкершіліктен тыс қалмауы керек деген ұстаным сақталған.
Бақтыбек Бақтығалиұлы Исаев Атырауда туған. Орталық Азия университетінің түлегі. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған.
Ол Атырау қалалық полиция басқармасының басшысы қызметіне 2024 жылдың мамыр айында тағайындалған еді. Оған дейін де бірқатар жетекші лауазым атқарған. Соның ішінде Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары болған.
Осылайша, кеше ғана өңірдегі тәртіпке жауап берген басшының өзі енді қылмыстық іс аясында тергеу нысанына айналып отыр. Айта кетелік, бұған дейін министр Сәденов полициядағы бей-берекетке қатысты маңызды мәлімдеме жасаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







