Атырау облысының Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасының жантүршігерлік өліміне қатысты атышулы іс сотқа түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алғашқы сот отырысы 18 мамыр күні сағат 11:00-де басталады. Істі аймақта аса ауыр әрі күрделі қылмыстық процестерді жүргізумен танылған судья Зарема Хамидуллина қарайды. Сот отырысы ашық режимде өтеді.
Істің басты фигуранты – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев.
Тергеу болжамы бойынша, ол әйелінің ата-анасын, қайын інісі мен қайын сіңлісін өлтірген. Қазір күдікті Атыраудағы тергеу изоляторында отыр.
Қанды қылмыс өткен күзде белгілі болған. Полицияға Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Үтешқалиева және олардың ересек балалары – Мирагүл мен Наурыздың жоғалып кеткені туралы арыз түскен.
Туыстарының айтуынша, отбасының ұлы жазда Ақтау жаққа табыс табуға кетіп, кейін байланысқа шықпай қалған. Көп ұзамай, отбасының өзге мүшелері де хабар-ошарсыз кеткен.
Ауыл тұрғындарының мәліметінше, отбасы жоғалғаннан кейін олардың қорасындағы ұсақ мал мен ірі қара мессенджер арқылы сатылып, ақша отағасының шотына аударылған. Жоғалғандардың телефон сигналдары Қазақстанның әр түкпірінен тіркелген.
Кейін полиция істі «кісі өлтіру» бабына ауыстырып, бүкіл республика аумағында іздеу жариялады. 2026 жылдың қаңтарында егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің маңындағы қорадан табылған. Ал отбасының екі мүшесінің денесі басқа ауылдағы уақытша баспана маңынан анықталды. Ол жерде бұрын күдіктінің отбасы тұрып келгені белгілі болды.
Күйеубала хроникасы
Осыдан кейін күдік бірден отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке түсті. Алдымен республикалық деңгейде, кейін халықаралық іздеу жарияланған ол, ақыры Индонезияда қолға түсті. Тергеу материалдарына сәйкес, осы іске күдіктінің әйелі, яғни марқұм ерлі-зайыптылардың қызы да қатысы бар деп саналады.
Осы қайғылы жағдайға байланысты күдікті мен оның әйелінің бес баласы мемлекеттің қамқорлығына алынды. Үш үлкен бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілсе, екі кіші бала арнайы балалар үйіне орналастырылды.
Қазір тараптар істің материалымен танысып жатыр екен. Соттың қорытынды шешімі көпшіліктің назарында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







