Орталық Азия – бұл жай ғана кеңістік емес, ол мыңжылдық байланыстардың, мәдениет пен сауданың, саяси сабақтастықтың көрінісі. Соңғы онжылдықтарда аймақтағы бес ел (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан) түрлі бағытпен дамып, интеграцияға ұмтылып келеді. Алайда бір шетте, сол географиялық кеңістікте әлі де бейтарап күйде қалған Ауғанстан бар. Бүгінде аталған ел соғыс пен идеологиялық дауылдың ортасынан енді ғана бейбіт құрылымға қадам басып келеді. Жақында «Жібек жолы» телеарнасындағы «Жаһан жайы» бағдарламасының сарапшысы, саясаттанушы ғалым Айнұр Абайқызы Астанаға сапарлап келген Ауғанстанның өндіріс және сауда министрі Нұриддин Азизи мырзамен жолығып, сұхбаттасқан еді. Ertenmedia.kz ақпараттық агенттігі өңірлік саясат, сауда және қауіпсіздік, болашақ перспективалар турасында өрбіген сұхбатты жазба нұсқасын жариялауды жөн санады.
– Қош келдіңіз, Нұриддин мырза. Соңғы жылдары Ауғанстан туралы пікір екіге жарылды. Бірі оны «Орталық Азияның ажырамас бөлігі» десе, екіншілері «бұл басқа өркениет, өз жолы бөлек» дейді. Сіз өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Рахмет, ең алдымен Қазақстан халқына, Үкіметіне, Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Сіздер – бізге қиын кезеңде ең бірінші болып қол ұшын созған достардың бірісіздер.
Ал Ауғанстан жайында айтар болсам, біз – Орталық Азияның бір бөлшегі болуға ұмтылып отырмыз. Географиялық тұрғыдан біз – дәл осы кеңістіктің жүрегіміз десек болады. Тарихи сауда жолдары, мәдени ықпалдастық, этникалық сабақтастық – бәрі де бізді бір-бірімізді жақындата түседі.
Рас, ұзақ уақыт бойы соғыс, интервенция, сыртқы ықпалдар салдарынан біз аймақтық процестерден тыс қалдық. Бірақ қазір жаңа кезеңге аяқ басып келеміз.
– Кезінде Роза Отынбаева ханым Ауғанстанның аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін атап өткен. Сіз бұл көзқараспен келісесіз бе?
– Толық келісемін. Ауғанстанның тұрақтануы – Орталық Азияның қауіпсіздік архитектурасының маңызды бөлшегі. Егер біз бейбіт, ашық, прагматикалық мемлекет болсақ, онда терроризм, экстремизм, босқындар мәселесі сынды қауіптер автоматты түрде азаяды. Ал бұл тек біздің емес, Қазақстанның да, Өзбекстанның да, жалпы аймақтың ортақ мүддесі.
Сондықтан біз қазір ішкі қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, сыртқы әріптестермен де сенімді байланыс орнатуға тырысып отырмыз.
– Қазақстанмен арадағы қатынас қалай дамып жатыр? Практикалық мысалдар келтіре аласыз ба?
– Әрине. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Ауғанстан арасында бірнеше B2B форматындағы кездесулер өтті. Айталық, өткен айда жекеменшік сектордан тұратын қазақстандық делегация Кабулға келіп, нақты жобалар бойынша келісімге келді.
Соның бірі – теміржол желісін қалпына келтіру. Бұл ауған халқының көптен күткен арманы. Кеңестік дәуірде басталған, бірақ үзілген транзиттік дәліздер қайтадан жаңғыратын болды. Сонымен қатар Қазақстан тарапынан солтүстік пен оңтүстікті жалғайтын жаңа логистикалық артерия салу идеясы ұсынылды. Біз бұған үлкен мән беріп отырмыз.
– Нұриддин мырза, Кош-теп каналы – аймақтағы ең даулы жобалардың бірі деседі. Су ресурсы тақырыбында аймақтық дау туындамауы үшін қандай амалдарды қарастыру керек?
– Бұл – өте өзекті сұрақ. Рас, көршілес кейбір елдер алаңдаушылық танытып отырғанын білеміз. Бірақ біздің мақсатымыз – Ауғанстан халқына қажетті су көлемін ғана алу.
Су – тіршілік көзі. Біз оны ауыл шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту үшін пайдаланбақпыз. Қалған көлем халықтың қажетіне жұмсалады. Яғни, бұл канал геосаяси үстемдік емес, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған инфрақұрылым.
Біз суды өзіміз ғана пайдаланып қоймаймыз, керісінше тіршілік нәрін көршілерімізбен бірлесіп тең дәрежеде басқару жүйесін құруға мүдделіміз.
– Көлік және транзит – өңірлік экономиканың өзегі. Қазір қандай жобалар жүзеге асып жатыр?
– Транспорт – біз үшін стратегиялық сала. Қазіргі уақытта Хайратон, Турагунди, Спин-Болдак бағыттары бойынша транзиттік жүк тасымалы жанданып жатыр. НАТО кеткен соң біз бұл инфрақұрылымды бейбіт мақсатқа бейімдедік.
Қазір Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын дәліздер арқылы Пәкістан, Иран және Орталық Азиямен тығыз байланыс орнаттық. Ауғанстанның географиясы – аймақтық хаб болуға таптырмас мүмкіндік. Қазір біз осы транзиттік мүмкіндікті Қазақстанмен интеграциялау жолдарын қарастырып жатқан жайымыз бар. Себебі Каспий арқылы Еуропаға шығатын бағыт бізге де қызықты.
– Қазақстанның Ауғанстанға жасап жатқан гуманитарлық көмегі туралы не айта аласыз?
– Бұл ретте біз үлкен алғысымызды жеткізгіміз келеді. Жер сілкінісі, сел, көшкін болған кезде Қазақстан бірінші болып көмектесті. Ауған халқының жүрегіндегі ризашылық сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаспын.
Сонымен қатар біз қазір медицина мен білім беру саласында да қолдау сұрап отырмыз. Себебі көптеген азаматтарымыз Пәкістан мен Үндістанға барып емделеді, қомақты қаржы жұмсайды. Бізге Қазақстан тәжірибесі, мамандары, мүмкін болса, арнайы бағдарламалар арқылы оқыту мен емдеу бағытында көмек қажет.
– Ауғанстан таяу болашақта Орталық Азия елдерінің сенімді серіктестерінің қатарына қосыла ала ма?
– Бұл – уақыттың, өзара сенім мен жүйелі диалогтың мәселесі. Біз өзімізді сыртта қалған буын ретінде сезінбейміз. Керісінше, тарихи тұрғыдан алғанда біз ортақ кеңістіктің құрамымыз.
Ендігі мақсат – бұл ортақ кеңістікте прагматикалық, сенімді, жауапты серіктеске айналу. Біз үшін бұл тек сауда емес, қауіпсіздік, мәдениет, адам капиталы және реформалар бағыты бойынша интеграция. Менің ойымша, Ауғанстан Орталық Азияға балама емес, табиғи серіктес ретінде қарастыру керек.
– Қазір Ауғанстандағы саяси трансформация қалай жүріп жатыр?
– Бейбіт кезеңге өту – бұл тек қару тастаумен шектелмейді. Ол – экономикалық институционализация, құқықтық жүйені жаңарту, халықтың сенімін арттыру. Билік қазіргі таңда білім, денсаулық сақтау, сауда, көлік сынды бейбіт бағыттарға күш салып жатыр.
Ең бастысы біздер экстремизм мен радикализмнен іргемізді ажыраттық. Бұл бағытта тек Ислам әлемімен емес, посткеңестік кеңістікпен де серіктестік қажет. Қазақстан – осы бағытта бізге ең үлгілі көршінің бірі.
Бізге Қазақстандағы бейбітшілік пен өркендеуді үлгі тұтамыз. Мен осы елдің болашағы жарқын боларына сенемін. Қазақстанмен арадағы тарихи достығымыз бізді жетістікке бастайтынына сенімдімін.
Алдағы уақытта Ауғанстан Қазақстанмен әрдайым тығыз қарым-қатынаста болуға, өзара құрметке негізделген серіктес болуға дайын. Алла жазса, келесі сапарымда Қазақстан мен Ауғанстан арасында жаңа теміржол мен білім және медициналық жобалардың іске асып жатқанына куә болғым келеді.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!