Жетісу облысында Балқаш көлінің жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірде көл жағасында үш коммуналдық қоғамдық жағажай салу жоспарланған. Оның екеуі осы жазда пайдалануға берілуі тиіс. Бір мезетте шамамен үш мың адам демала алатын алғашқы жағажай шілде айының алғашқы онкүндігінде ашылады деп күтілуде.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жұмыс сапары барысында Балқаш жағалауындағы алғашқы қоғамдық жағажай құрылысының барысымен танысты. Өңір басшысы мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Балқаш көлінің жағалауындағы туризмді дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Алдымен аумақтың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген. Кейін көлге көлікпен жету, жағалау инфрақұрылымын дамыту және демалушыларға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кезең-кезеңімен шешіле бастаған.

Қазір коммуналдық қоғамдық жағажайлар салу жұмысы қолға алынды. Бұл жобалар халық үшін қолжетімді, жайлы және қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға бағытталған. Жағажайларда суға түсуге ыңғайлы орындар, демалыс аймақтары, санитарлық нысандар, балаларға және спортқа арналған алаңдар қарастырылады.
Облыс әкімінің сөзінше, үш қоғамдық жағажайдың біріншісі шілде айында, екіншісі тамыз айында пайдалануға беріледі. Үшінші жағажайдың құрылысы биыл басталып, келесі жылғы шомылу маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Жағажай ғана емес, жаңа экономика
Балқаш жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту үшін бұған дейін көлге дейінгі 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бұл көлге қатынауды жеңілдетіп, туристер ағынын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Санитарлық тораптар орнатылып, демалыс орындары мен қоқыс контейнерлері қойылып жатыр. Сонымен қатар кондиционерлермен және сумен жабдықтау жүйесімен жабдықталған жылы санитарлық тораптар салу жоспарланған.
Лепсі ауылына кіреберісте 10-нан астам көлікке арналған тұрақ алаңы ұйымдастырылған. Мұнда шағын фуд-аймақ орналастыру көзделіп отыр. Қазір ана мен бала бөлмесі және басқа да қажетті қызметтік бөлмелері бар жылы дәретхананың құрылысы жүргізілуде.
Жағалау бойындағы ұзындығы 9,3 шақырым автожол құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл жол туристік аймаққа қатынауды жеңілдетіп, демалыс орындары арасындағы байланысты жақсартады.

Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және су желілері тартылды. Жағалауда 32 шақырым су құбыры, 49 шақырым электрмен жабдықтау желісі және 16 шақырым кәріз жүйесі салынды. Бұдан бөлек, кәріз-тазарту құрылысы салынып жатыр.
Жағалаудың санитарлық жағдайын тұрақты бақылау үшін «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылды. Бұл кәсіпорын демалыс аймағының тазалығын сақтау, қоқыс шығару және санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.
Балқаштың жаңа келбеті
Бейбіт Исабаев үш коммуналдық жағажай Балқаш жағалауындағы үлкен бастаманың алғашқы кезеңі екенін айтты. Егер туристер легі көбейіп, сұраныс артса, қоғамдық жағажайлар саны кезең-кезеңімен көбейтіледі.
Сонымен қатар өңірде жеке инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту жұмысы жүріп жатыр. Олар заманауи демалыс базаларын, демалыс аймақтарын, фуд-корттар мен туристік нысандар салуға қатысады.
Облыс әкімінің айтуынша, алдағы 3-5 жыл ішінде Балқаш көлінің жағалауында Алакөлден кем түспейтін, тіпті кей бағыттарда одан да қолайлы демалыс жағдайын жасауға мүмкіндік бар. Өңір басшысы жағалауда ретсіз құрылысқа жол берілмейтінін де атап өтті.
Алғашқы коммуналдық жағажайдың жалпы аумағы шамамен 7 гектарды құрайды. Мұнда 500 автокөлікке арналған үлкен тұрақ, футбол және волейбол алаңдары, воркаут аймағы, балалар ойын алаңы, беседкалар мен орындықтар орнатылады.
Демалушылар үшін санитарлық тораптар, қоқыс жәшіктері, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар, ауызсу субұрқақтары, күнқағарлар мен шезлонгтар қарастырылған. Сонымен қатар құтқару мұнарасы мен түрлі шағын сәулеттік нысандар салынады.

Жағажай аумағында арнайы фуд-аймақ та болады. Бұдан бөлек, әкімшілік ғимарат салынып, онда полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің бекеттері, медициналық пункт және ана мен бала бөлмесі жұмыс істейді.
Балқаш жағалауындағы өзгерістерді демалушылар да оң қабылдап отыр. Талдықорған қаласының тұрғыны Абылай Махмет көлге жету бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдегенін айтты. Оның сөзінше, қазір Балқашқа бір жарым сағатта жетуге болады. Жол сапасы жақсы. Өңір ішінде демалуға мүмкіндік көбейгені тұрғындар үшін қуанышты жағдай.
«Жетісудың табиғаты өте көркем әрі алуан түрлі. Инфрақұрылым дамып, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалып жатқаны қуантады. Балқаш жағалауының абаттандырылып, заманауи келбетке ие болатынын естіп білдік. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр», деді ол.
Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Балқаш жағалауындағы инфрақұрылымдық жобалар қазірдің өзінде аудан экономикасына оң әсер бере бастаған. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жеке инвестициялар тартылуда.
Мысалы, Лепсі ауылында жеке инвестор қаржысы есебінен ауылдағы алғашқы қонақүй салынып жатыр. Бұл жергілікті туризмнің дамуына және шағын бизнестің жандануына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар Балқаш көлін Жетісу облысындағы негізгі туристік орталықтардың біріне айналдыруға бағытталған. Қазір маусым кезінде көл жағалауында 50 мыңнан астам адам демалады.
Жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар толық іске асқаннан кейін Балқаш жағалауында жыл сайын 450 мыңнан астам адамды қабылдауға мүмкіндік туады деп күтілуде.
Өңір билігі үшін басты мақсат тек жағажай салу емес. Негізгі міндет, қауіпсіз, таза, қолжетімді және реттелген туристік кеңістік қалыптастыру. Егер бұл жоспар толық жүзеге асса, Балқаш жағалауы Жетісудың жаңа туристік брендіне айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







