Соңғы бір жылда Балқаш көлі суының деңгейі 12 сантиметрге көтерілді. Нақтырақ айтсақ, көлдегі су Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге жеткен. Мұнымен қоса көлдегі су қоры 2 млрд текше метрге артты.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың басынан бері Балқашқа Қапшағай су қоймасынан 3,8 млрд текше метр су жіберілген. Былтыр дәл осы уақытта Балқашқа 2,9 млрд текше метр су құйылған еді.
«Бұл жағдай өңірдің экологиялық ахуалына және Іле өзенінің атырауына оң ықпал етуде. Қапшағай су қоймасының тиісті деңгейде толтырылуы Ақдала мен Шеңгелді алқаптарын суару кезеңін табысты өткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті министрлік өкілдері.
Жалпы Балқаш көлінің су көлемі трансшекаралық Іле өзенінің ағынына тікелей байланысты. Бұл ағынды реттеуші негізгі нысан – Қапшағай су қоймасы. Биыл Қапшағайдан Балқашқа жалпы көлемі 12 млрд текше метр су бағыттау жоспарланған.
Министрлік Балқашты сақтап қалуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізуде.
«Келесі аптада француз сарапшыларымен бірге Балқашты сақтауға арналған мастер-жоспар әзірлеу мәселесін талқылаймыз. Бұл құжат 2040 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Былтыр осы бағытта француз тарапымен Балқаш бассейнін бірлесіп зерттеуге уағдаласқанбыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осылайша, министрлік Балқаштың суын сақтауда нақты нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мамандардың пайымынша, атқарылған жұмыстар өз жемісін беріп, Балқаш көлі бұрынғы деңгейіне біртіндеп жақындап келеді.