Қазақстанда жүйе үшін маңызды банктерді құтқарудың жаңа тәртібі жазылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дағдарысқа түскен ірі банктің акциясын мемлекетке немесе «Бәйтерек» холдингіне беру, кейін оны жеке инвесторға сату ережесін жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ереже банкті құтқару кезінде мемлекет қалай кіретінін, қай жерге дейін араласатынын және кейін оның капиталынан қалай шығатынын анықтайды. Ең өткір тұсы қаржылық тұрақтылық үшін мемлекет кей жағдайда банкке жұмсаған ақшасын толық қайтарудан бас тарта алады.
Құжатқа сәйкес, жүйе үшін маңызды банкке қатысты арнайы реттеу режимін қолдану туралы шешім қабылданса, агенттік, Ұлттық банк және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган үкіметке бірлескен акт жолдауы керек. Онда банкті сауықтыру жоспары, оның өміршеңдігіне берілген баға, қанша капитал қажет екені және мәміленің басқа да параметрі көрсетіледі.
Осыдан кейін үкімет үш жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды. Мемлекет проблемалы банктің акциясын сатып алуы мүмкін. Немесе арнайы тұрақтандыру банкі құрылып, дағдарысқа түскен қаржы институтының активі мен міндеттемесі соған берілуі ықтимал.
Банкті құтқару кезеңі аяқталған соң мемлекет жаңа инвестор іздеуге кіріседі. Ол үшін тендер өткізіледі. Сатып алушы іздеу туралы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарияланады.
Инвестор таңдағанда тек ұсынған бағаға қарамайды. Банктің қаржылық орнығуы, нарықтағы жағдай, мәміленің бүкіл қаржы жүйесіне әсері де есепке алынады.
Сатып алушы қазақстандық та, шетелдік те инвестор болуы мүмкін
Бірақ оның іскерлік беделі таза, қаржылық жағдайы мықты болуы және банктің ірі қатысушысына қойылатын талаптарға сай келуі шарт.
Ал бұрын осы проблемалы банктің ірі акционері немесе банк холдингі болған тұлғалар сатып алуға қатыса алмайды. Оларға байланысты адамдарға да жол жабық. Мемлекеттік үлесі 50 пайыздан асатын компаниялар да шет қалады. Ерекшелік тек «Бәйтерек» холдингіне жасалған.
Мәмілені дайындау үшін үкімет немесе «Бәйтерек» тәуелсіз бағалаушыларды, аудиторларды және консультанттарды тарта алады. Әлеуетті инвесторларға банктің қаржылық жағдайы, активі, міндеттемесі, өтімділігі және даму стратегиясы туралы ақпарат ашылады. Бірақ мұндай дерек құпиялылық туралы келісімге қол қойылғаннан кейін ғана беріледі.
Акцияның ең төменгі сату бағасы екі көрсеткіштің ең жоғарысы бойынша айқындалады. Біріншісі тәуелсіз бағалаушы есептеген нарықтық құн. Екіншісі соңғы қаржылық есептегі банктің меншікті капиталы.
Сонымен бірге ереже акцияны мемлекет сатып алған бағадан арзан сатуға тыйым салады. Ол баға Ұлттық банктің инфляция бойынша мақсатты бағдарын ескере отырып есептеледі. Мемлекет банкті жаңа инвесторға сатқан кезде экономикалық тұрғыдан ең тиімді шартқа қол жеткізу үшін барлық орынды шараны қабылдауға міндетті.
Құжатта тағы бір маңызды тетік бар
Мемлекет банкті құтқаруға жұмсаған ақшасын кейін ішінара қайтарып алуы мүмкін. Мұндай төлемнің көзі банк жаңа инвесторға сатылғаннан кейінгі таза пайда.
Бірақ үкімет немесе «Бәйтерек» осы талаптан бас тарта алады. Егер ақшаны қайтару шарты банктің қаржылық тұрақтылығына соққы болып тисе, мәміленің инвестициялық тартымын төмендетсе, әлеуетті сатып алушылар санын азайтса немесе жаңа инвестордан қосымша қомақты капитал құюды талап етсе, мемлекет толық өтем талап етпеуі мүмкін.
Егер өтемақы шарты бәрібір қолданылса, төлем бірден басталмайды. Алдымен банк Ұлттық банк алдындағы соңғы инстанциядағы қарызын толық жабуы керек. Содан кейін ғана аудиторлық қаржылық есеппен расталған таза пайда есебінен мемлекетке төлем жасалады.
Мамыр айында агенттік жүйе үшін маңызды банктерді реттеу ережесінің жобасын ұсынған еді. Онда проблемалы банкті қазіргі акционерлердің келісімінсіз жаңа инвесторға мәжбүрлі түрде сату, сондай-ақ оның активі мен міндеттемесін басқа банкке беру мүмкіндігі қарастырылған. Енді сол механизм толық қағазға түскен тәрізді. Ірі банк шайқалса, мемлекет оны құтқаруға кіре алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






