Шымкентте қазақ эстрадасының белгілі әншісі Бақыт Шадаеваның өнердегі 40 жылдығына арналған «Сені іздеп табамын! » атты шығармашылық кеші өтті. Мерейтойлық концертте көпшілік сүйіп тыңдайтын әндер шырқалып, өнер иесіне қала көрермені ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бақыт Шадаеваның сахнадағы қырық жылы талай шығарманың өмірге келіп, бірнеше буын тыңдарманның жүрегіне жол тапқан кезеңмен сабақтас. Әнші мерейтойлық бағдарламасын Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арнап, еліміздің бірнеше қаласында гастрольдік сапармен концерт өткізіп жүр.
Шымкенттегі кеш те осы шығармашылық сапардың бір бөлігі болды. Әнші сахнаға шыққан сәттен бастап залда ерекше ықылас сезілді. Көрермен әр жылдары танымал болған әндерді бірге орындап, сүйікті шығармаларын жылы қабылдады.
«Еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтіп жатыр. Сондықтан концертімді осы мерекеге арнадым. Сонымен қатар сахнада жүргеніме 40 жыл толуына байланысты Қазақстан қалаларын аралап, көрерменіммен қауышып жүрмін. Шымкент жұртшылығының қолдап келгені мен үшін үлкен мәртебе», – деді Бақыт Шадаева.
Мерейтойлық кеш әншінің шығармашылық жолындағы әр кезеңді қамтыды. Бағдарламада оның орындауында кеңінен танылған лирикалық және эстрадалық әндер орындалып, көрерменге өткен жылдардың әсерлі сәттерін қайта сезінуге мүмкіндік берді.
Концертке Бақыт Шадаеваның өнерін ұзақ жылдан бері бағалап келе жатқан жанкүйерлер де келді. Олар үшін кеш сүйікті әншімен жүздесіп қана қоймай, жастық шақпен бірге жасасқан таныс әуендерді тірі дауыста тыңдайтын ерекше сәтке айналды.
Тыңдарман Салих Қалиев әншінің кәсіби шеберлігі мен вокалдық мүмкіндігін жоғары бағалайтынын айтты.
«Бақыт Шадаева – кәсіби деңгейі жоғары тұлға. Әнді таза айтып, оның мазмұнын тыңдарманға дұрыс жеткізеді. Қазіргі сахнада осындай орындаушылардың қатары көбейгенін қалаймын», – деді ол.
Уақыт өткен сайын музыкалық талғам мен сахнадағы бағыт өзгереді. Алайда шынайы сезіммен орындалған, халықтың жүрегіне жеткен әндер ұмытылмайды. Шығармашылық кеш соңында шымкенттік көрермен әншіге ыстық ықыласын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Бақыт Шадаеваның мерейтойлық гастрольдік сапары еліміздің басқа қалаларында жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







