Павлодар облысының Баянауыл ауданында сезілген жер асты дүмпуінің себебі табиғи құбылыспен байланысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаевтың айтуынша, 26 мамыр күні сағат 11:28-де ТЖМ-нің сейсмикалық станциялар желісі жер асты дүмпуін тіркеген.
Қазақстан ұлттық деректер орталығының мәліметіне сәйкес, бастапқыда дүмпу ошағы Екібастұз қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 9 шақырым жерде орналасқан карьер аумағында болғаны айтылған.
Вице-министр бұл жағдайға қатысты бейінді ведомстволар мен Сейсмология институты зерттеу жүргізгенін жеткізді. Мамандардың қорытындысы бойынша, дүмпу ошағы шамамен 850 шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан, оның әсері Баянауыл ауданында сезілген.
Баянауыл ауданында тіркелген жер сілкінісінің магнитудасы 2,6 болған.
Ерболат Садырбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі Павлодар облысында автоматтандырылған ерте ескерту жүйелерін орнату бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мұндай жүйелер табиғи қауіп-қатер туралы дер кезінде хабар беріп, тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







