30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматыда «Мұнай және газ» KIOGE 2026 халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді. Биыл отызыншы рет ұйымдастырылатын мерейтойлық іс-шара мұнай-газ және энергетика саласындағы мемлекет, бизнес пен технологиялық компанияларды бір алаңға жинайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
KIOGE отыз жыл ішінде Орталық Азиядағы негізгі кәсіби алаңдардың біріне айналды. Мұнда мемлекеттік органдар, ұлттық және халықаралық компаниялар, ірі жобалардың операторлары, жабдық өндірушілер, технология жеткізушілері мен мұнай сервистік ұйымдар бас қосады.
Іс-шараға Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, KAZENERGY қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз», PSA, IMBC, Energy Monitor, KazService және Petrocouncil ресми қолдау көрсетіп отыр.
Мерейтойлық көрмеге Қазақстан, Әзербайжан, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оман, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Түркия және Өзбекстан бастаған 30 елден 500 компания қатысады.
Қазақстанның энергетикалық нарықтағы орны талқыланады
Іскерлік бағдарламаның басты оқиғасы 30 қыркүйек пен 1 қазанда өтетін KIOGE халықаралық конференциясы болады. Биылғы жиын «Мегажобалардан нарықтардағы көшбасшылыққа: Қазақстан жаһандық энергетикалық теңгерімде» тақырыбына арналады.
Конференцияның алғашқы күнінде әлемдік энергетикалық нарықтың өзгеріп жатқан архитектурасындағы Қазақстанның орны талқыланады. «Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» пленарлық отырысында елдің 2030 жылдан кейінгі энергетикалық күн тәртібі, халықаралық технологиялық серіктестік және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселесі көтеріледі.
Арнайы сессияларда интеллектуалды upstream, геологиялық барлау мен жасанды интеллектіні ұштастыру, экспорттық бағыттар және тасымал геосаясаты қарастырылады. Сонымен бірге мұнай-газ саласын цифрландыру, ESG қағидаттары, төмен көміртекті даму, машина жасау және мұнай химиясын кеңейту мәселелері талданады.
Екінші күннің бағдарламасы газ саласы мен газ химиясын дамытуға бағытталады. Сарапшылар ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздік, елдің энергетикалық теңгерімі және салалық саясаттың басымдықтары жөнінде пікір алмасады.
Көрме жаңа технологиялар мен серіктестікке жол ашады
Көрме алаңында компаниялар өндірістік технологияларын, практикалық жобаларын және сатып алу бағдарламаларын таныстырады. Қатысушылар мұнай-газ секторындағы жаңа тапсырыстар мен бірлескен жобаларға қатысты тікелей келіссөз жүргізе алады.
KIOGE 2026 шетелдік технологияларды көрсетумен ғана шектелмейді. Алаң қазақстандық өндірушілер мен сервистік компаниялардың халықаралық жобаларға қосылып, жергілікті қамту үлесін арттыруына мүмкіндік береді.
Сала үшін цифрландыру мен жасанды интеллект өндірістік шығынды азайтудың, қауіпсіздікті күшейтудің және кен орындарының тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналып келеді. Сондықтан биылғы жиында технологиялық шешімдердің нақты өндірісте қолданылуына ерекше назар аударылмақ.
Мерейтойлық KIOGE халықаралық көрмені, кәсіби тәжірибе алмасуды және жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогты бір арнаға тоғыстырады. Үш күндік іс-шара Қазақстанның жаһандық энергетикалық тізбектердегі орнын нығайтып, жаңа инвестициялық және технологиялық әріптестіктер құруға жол ашуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







