Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Үкіметін жасақтауды аяқтады. Бұрынғы министрлер кабинетінің негізгі құрамы орнында қалып, төрт ведомствоның ғана басшысы ауысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірінші шақырылымдағы Құрылтай жұмысын бастағаннан кейін Үкімет Конституция талабына сай өкілеттігін тоқтатқан еді. Депутаттар Президент ұсынған Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдап, ол Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалды.
Үкімет басшысын қоса есептегенде, жаңа кабинеттің құрамында 25 лауазым бар. Төрт министрдің ауысуы жалпы құрамның 16 пайызына тең.
Үкіметке кімдер келді
Негізгі өзгерістің бірі Мұхтар Тілеубердінің Сыртқы істер министрлігіне қайта оралуы. Ол ведомствоны 2019–2023 жылдары басқарған. Кейін Қазақстанның Австриядағы елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды.
Ол Сыртқы істер министрі қызметінде 2025 жылғы қыркүйектен бері ведомствоны басқарған Ермек Көшербаевты алмастырды.
Мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған.
Қырықбаев әр жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Мәдениет комитетінің төрағасы және Алматы қаласы әкімінің орынбасары болған. Ол Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ауысқан Аида Балаеваның орнына келді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тізгіні Әлібек Қуантыровқа берілді. Ол бұрын Ұлттық экономика министрі болған. Кейін KAZENERGY қауымдастығын басқарып, Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.
Қуантыров осы лауазымда Ерлан Нысанбаевты алмастырды.
Төтенше жағдайлар министрі қызметіне 41 жастағы Мұрат Мұханов тағайындалды. Ол бұған дейін осы министрліктің аппарат басшысы болған. Ведомствоны басқарған Шыңғыс Әрінов қызметінен кетті.
Бектеновтің бес орынбасары қалды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін Нұрлыбек Нәлібаев атқарады.
Бұрынғы лауазымын сақтап қалған вице-премьерлер:
- Ғалымжан Қойшыбаев – Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет аппаратының басшысы;
- Қанат Бозымбаев – Премьер-министрдің орынбасары;
- Серік Жұманғарин – Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі;
- Жаслан Мәдиев – Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.
Осылайша, Олжас Бектеновтің бес орынбасары бар. Бұрын алтыншы вице-премьер болған Аида Балаева Мәдениет және ақпарат министрлігін де қатар басқарған еді. Арман Қырықбаев министрлікке келді, бірақ Премьер-министр орынбасары мәртебесін алған жоқ.
Серік Жұманғарин экономикалық және салық саясатын әрі қарай қадағалайды. Ол салық реформасына жауапты екенін көпшілік алдында мәлімдеп, өзін «салық реформасының әкесі» деп атағандарға «солай-ақ болсын» деп жауап берген еді.
Жаслан Мәдиев цифрландыру мен жасанды интеллект бағытына жетекшілік етеді. Қанат Бозымбаевтың құзырында өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су ресурстары және төтенше жағдай салдарын жою мәселесі қалады.
Қай министрлер орнында қалды
Ведомство басшыларының басым бөлігі қызметін жалғастырады:
- Ержан Сәденов – Ішкі істер министрі;
- Дәурен Қосанов – Қорғаныс министрі;
- Мәди Такиев – Қаржы министрі;
- Айдарбек Сапаров – Ауыл шаруашылығы министрі;
- Арман Шаққалиев – Сауда және интеграция министрі;
- Ерлан Сәрсембаев – Әділет министрі;
- Ерлан Ақкенженов – Энергетика министрі;
- Нұрлан Сауранбаев – Көлік министрі;
- Ерсайын Нағаспаев – Өнеркәсіп және құрылыс министрі;
- Нұржан Нұржігітов – Су ресурстары және ирригация министрі;
- Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі;
- Жұлдыз Сүлейменова – Оқу-ағарту министрі;
- Саясат Нұрбек – Ғылым және жоғары білім министрі;
- Асқарбек Ертаев – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;
- Ербол Мырзабосынов – Туризм және спорт министрі.
Үкімет жаппай өзгерген жоқ
Жаңа құрам Президенттің бұған дейін айтқан ұстанымын көрсетті. Тоқаев Үкімет жұмысына жалпы көңілі толатынын айтып, қызметтен босату үшін кадр ауыстыруға қарсы екенін мәлімдеген еді. Оның сөзінше, әр тағайындау атқарушы биліктің жұмысына жаңа серпін беруі керек.
Экономикалық, қаржылық, күштік, әлеуметтік, аграрлық және инфрақұрылымдық бағыт бұрынғы басшылардың қолында қалды. Өзгеріс сыртқы саясат, мәдениет пен ақпарат, экология және төтенше жағдай саласын қамтыды.
Бектенов негізінен өзі бұрын жұмыс істеген, қыр-сырын жақсы білетін командамен жаңа кезеңге кірісті. Сондықтан бүгінгі ауыс-түйісті Үкіметті түбегейлі жаңарту емес, Құрылтай құрылғаннан кейінгі саяси жүйеге қажетті ішінара өзгеріс деуге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







