Астаналық стендапер Александр Меркуль қамауға алынды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ол қоғамдық жерде жасалған бұзақылық әрекеті үшін 10 күнге қамауға алынды. Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін А.Меркульге қатысты істі қарады (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі).
«А.Меркуль Instagram әлеуметтік желісінде және YouTube арнасында қоғамдық орында сөйлеген сөзінің бейнежазбасын жариялап, сол арқылы айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Сотта құқықбұзушы кінәсін мойындап, айыппұл қолдану туралы өтініш білдірді. Жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайы құқық бұзушының айғақтарымен, бейнежазбамен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және істің басқа да материалдарымен расталды», — деп жазылған хабарламада.
ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеліп соғады.
Сот жазалау шарасын құқықбұзушылық жасалғанға дейін және одан кейінгі әрекеттің, мінез-құлықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады.
Осылайша, сот қаулысымен құқық бұзушы А.Меркуль ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.