Үкіметтің брифингінде Көлік министрлігі басшысы жанармай бағасының өсуі такси қызметтеріне қалай әсер ететінін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia Orda.kz-ке сілтеп.
Министрдің айтуынша, такси қызметтерінің бағасын мемлекет реттемейді. Егер такси жүргізушілері үшін өз-өзін реттейтін ұйымдар құрылса, бензиннің қымбаттауына қарамастан, такси бағасы төмендеуі мүмкін екен.
«Біз өз-өзін реттейтін ұйымдар туралы заң жобасын талқыладық. Соның аясында интернет-агрегаторлар мен такси жүргізушілері өзара келісімге келіп, 1 шақырым жол жүру құнын және агрегаторлардың пайыздық мөлшерлемесін анықтай алады. Бұл – такси жүргізушілері мен агрегаторлар арасындағы нарықтық қатынас», — деп түсіндірді ол.
Марат Қарабаев «өз-өзін реттейтін ұйымдар құрылуына байланысты такси қызметтерінің бағасы қымбаттауы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.
«Заң жобасында барлық такси жүргізушілерінің оған кіруі міндеттелмейді. Тек заңды тұлғалар қосылады. Қазақстанда қазір 2 мың такси компаниясы және 200 мың көлік бар. Біз бұл жобаны мәжіліспен бірге пысықтап жатырмыз. Алдымен пилоттық режимде белгілі бір өңірде сынап көреміз. Осылайша қауымдастықты бүкіл жерге енгізу жоспарланып отырған жоқ», – деді министр.