Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына қарасты Қарамойыл ауылындағы әлеуметтік нысандар мен қоныс аударған отбасының жағдайымен танысты. 207 тұрғыны және 68 үйі бар елді мекенде кәсіпкердің қолдауымен мектеп жөнделіп, жаңа мәдениет үйі салынған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабек Күшікбаев өз қаражатына салған клуб ғимаратына барды. Нысан Қарамойыл мен Ақой ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кәсіпкер мәдениет үйін халық игілігі үшін аудан әкімдігінің меншігіне тегін тапсырды.
Жұмабек Күшікбаев ауылдың әлеуметтік дамуына бұған дейін де үлес қосқан. Ол 2014 жылы «Туған елге тағзым» жобасы аясында Гагарин атындағы бастауыш мектептің ғимаратын сатып алып, толық жөндеуден өткізді. Қазір даярлық тобын қосқанда мектепте 17 бала оқиды.
Берік Уәли кәсіпкердің бастамасын «Туған жерге туыңды тік» қағидасының нақты көрінісі деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа клубта ауыл тұрғындары мәдени шаралар мен түрлі жиындар өткізе алады. Облыс әкімі қарамойылдықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Көпбалалы отбасы ауылдан жаңа өмір бастады
Аймақ басшысы «Қаладан ауылға» жобасы арқылы Қарамойылға қоныс аударған Андрей және Галина Русякиндердің шаңырағында болды. Жеті бала тәрбиелеп отырған отбасының отағасы «Талап» шаруа қожалығында механизатор болып еңбек етеді. Отбасы үшін шаруа қожалығының басшысы жаңа үй салып берген.
Галина Русякинаның айтуынша, ауыл балаларының өсіп-жетілуіне жайлы. Отбасының төрт баласы жергілікті мектепте білім алып жүр. Жақында жетінші сәбиін дүниеге әкелген ана Қарамойылдағы жаңа тіршілікке көңілі толатынын жеткізді.
Жыл басынан бері Көкпекті ауданына 50 отбасы немесе 131 адам қоныс аударған. Олардың 41-і Семей қаласынан, 90-ы Қазақстанның өзге өңірлерінен көшіп келген. Қоныс аударушылардың келуі ауылдағы еңбек ресурсын толықтырып, мектеп пен әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Қарамойылдағы тәжірибе ауылды дамыту тек бюджет қаражатына тірелмейтінін көрсетті. Жергілікті кәсіпкердің қолдауы, мемлекеттік жоба және көшіп келген азаматтардың еңбегі біріккенде шағын елді мекенге жаңа тыныс беріледі. Мектеп, мәдениет үйі және жаңа отбасы ауыл болашағына салынған ортақ инвестицияға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







