«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бес жылдығы қарсаңында БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Еліміздің 14 өңірінен келген журналистерге жүлдені қоғамға белгілі зиялы қауым өкілдері табыстады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірлестік басшысы Нұркен Асанов үшін «Сенімен Болашақ» алғашында талаптан туған бастама болса, уақыт өте талғамына, таңдауына, кейін өмірлік жолына айналған. Оның айтуынша, бес жыл ішінде ұйым ата-ана тәрбиесі, азаматтық жауапкершілік және ұлттық құндылықты дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Мерейтой қарсаңындағы басқосу сол еңбектің қорытындысын шығарып қана қоймай, қоғам алдындағы жаңа міндеттерді де айқындады.
«Саналы қоғам сапалы мемлекетті қалыптастырады» деген ұстаным бірлестік қызметінің өзегіне айналған. Нұркен Асанов Мәшһүр Жүсіптің киіз үйдің есігін бекем ұстау туралы тағылымы мен Абайдың «елдің күзетшісі болу» жөніндегі аманатын азаматтық қоғамға жүктелген жауапкершілікпен сабақтастырды. Оның ойынша, қоғамдық сананы құр сөзбен емес, нақты іспен ояту қажет.
Соңғы бес жылда «Сенімен Болашақ» еліміздің 16 өңірінде 350 мыңнан астам ата-ана мен азаматтық қоғам өкілін қамтыған. Ұйым 17 435 іс-шара, 57 форум, бес симпозиум, 3767 семинар-тренинг және 300-ден астам түрлі байқау өткізген. Сонымен қатар қоғамның өзекті мәселелеріне арналған 20 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.

Нұркен Асанов қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен қарулы қақтығыстар бейбіт өмірдің қадірін терең сезінуге тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, дүние жүзінің 90-нан астам елінде әртүрлі деңгейдегі қақтығыс жүріп жатқан кезде Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтың бағасы ерекше. Елдегі бейбіт өмір азаматтық қоғамға ортақ құндылықтарды нығайту үшін үлкен мүмкіндік береді.
Бірлестік басшысы берілген бақты бағалап, ел ішіндегі бірлікті сақтаудың маңызын атап өтті. Азаматтардың сеніміне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, адами құндылықтарды ортақ тұғырға айналдыру қажет. Ұлттық мұраны дәріптеу де ұранмен шектелмей, күнделікті тіршілік пен қоғамдық қызметтен көрінуі керек.
«Тектілер ту көтереді» қағидасы елдік мүдде мен ұрпақ болашағына қызмет етуді білдіреді. Нұркен Асанов ағартушылықты қоғамды алға бастайтын ең маңызды күштің бірі деп бағалады. Оның пікірінше, ой оятатын, адамды әрекетке жетелейтін еңбек қана ел дамуына шынайы үлес қоса алады.
Журналистика да ағартушылықтың қуатты саласы саналады. Қазақ баспасөзінің тамыры XIX ғасырдағы Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин еңбектері жарияланған кезеңге барып тіреледі. Сол дәуірден бері журналистің міндеті ақпарат жеткізумен шектелмей, қоғамдық ойды қалыптастырумен сабақтасып келеді.
Ұлт мүддесіне арналған бес жыл
Нұркен Асанов азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты бір арнада тоғысатынын айтты. Бірлестік халыққа қоғамдық жобалар арқылы қызмет етсе, журналистер ақпарат кеңістігінде елдік мүддені қорғап, ағартушылық міндет атқарады. Оның сөзінше, екі тарап та бір мақсатқа қызмет ететін ортақ жауапкершіліктің жүгін көтеріп жүр.

Ақпарат ағыны бұрынғыдан да жылдам әрі күрделі сипат алған. Әлеуметтік желінің дамуы кез келген адамның ақпарат таратушыға айналуына жол ашқанымен, кәсіби журналистиканың беделі мен жауапкершілігіне жаңа сын туғызды. Сондықтан шынайы деректі талдап, маңыздысын іріктеп, қоғамға сауатты жеткізетін маманның еңбегі бұрынғыдан да құнды.
«Тектілер ту көтереді» байқауы елдік мүддені, әділеттілікті және қоғамдық құндылықты шығармашылығына арқау еткен журналистерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Нұркен Асанов оны үлкен бәйгеге бастайтын алғашқы қадам деп бағалады. Алдағы уақытта БАҚ өкілдеріне арналған мұндай сайысты кеңейтіп, тұрақты дәстүрге айналдыру жоспарланып отыр.
Бірлестік басшысы журналист еңбегін ауыз суды тазартып, халыққа жеткізетін мамандардың қызметімен салыстырды. Ақпарат кеңістігіндегі сан алуан деректің арасынан ақиқатты ажыратып, қоғамға мағыналы мазмұн ұсыну үлкен кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді. Қалам иесінің әр сөзі жұрттың құлағында қалып қоймай, жүрегіне жетуге тиіс.
«Сөздің қуаты санаға сіңсе – ақылға, сіңбесе – жаңғырыққа айналады», – деді Нұркен Асанов. Ол журналистерге қаламдарының құндылыққа толып, еңбектерінің Алаштың үнімен, Абайдың сөзімен және Мәшһүрдің мұңымен сабақтас болуын тіледі. Ұлтқа қызмет ететін сөз ғана уақыт сынынан өтіп, қоғам жадында сақталады.

Мәшһүр Жүсіптің «Екі сөз: бірі айтылды, бірі қалды, уақ ақша таусылды, ірі қалды» деген өлең жолдары да кештің мазмұнымен үндесті. Нұркен Асанов аталған ойды уақытша даңқтан гөрі елге қалатын ірі істің маңызды екенімен байланыстырды. Адамның бағасы айтқан сөзімен емес, қоғамға қалдырған өнегесімен өлшенеді.
Бірлестік өкілдері ұлт мүддесі жолында «жоқ» демей, «бармыз» деп әрекет етуге шақырды. Қиялды арманға, арманды амалға айналдыратын әділетті қоғам құру әр азаматтың еңбегінен басталады. Нұркен Асанов сөзін «Қазақтың сорына емес, бағына қызмет етейік» деген тілекпен түйіндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







