Депутат Нартай Аралбайұлы құмар ойындардың жарнамасына қатысты біраз әкімдікті сынады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың сөзінше, мемлекеттік органдардың жұмысында кемшілік көп. Өйткені қолданыстағы заңда көшеде, қоғамдық көлікте, билбордта құмар ойынға қатысты жарнама болмауы керек деген норма бар.
«Әкімдіктер осы заң талабын орындауға асығар емес. Уәкілетті органның дерегіне сүйенсек, ШҚО әкімдігі заң күшіне 9 қыркүйекте енгеніне қарамастан, құмар ойынның жарнамасы жазылған билбордтарды қарашада ғана демонтаждаған. Ал Алматы мен Шымкент қалаларының, Алматы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысының әкімдіктері құмар ойынды жарнамалаған нақты неше сыртқы жарнаманың көзі жойылғаны туралы ақпаратты құзырлы органға әлі бермей отыр», — деді депутат.
Депутаттың айтуынша, кейбір әкімдіктер «өңірімізде букмекерлік кеңселердің жарнамалары мүлдем болмаған», — деп жауап берген.
«Мұның ақылға сыймайтыны анық. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын жоймау заң талабын орындамау ғана емес, тікелей халыққа жасалған қастандық екенін ескеру керек. Сол себепті осы облыстарда тиісті тексеріс жүргізіп, заңды белден басқандарға шара қолданылуы қажет», — деп ескертті Сәрсенғалиев.
Айта кетейік, биыл 8 шілдеде «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданды. 9 қыркүйектен бастап заң күшіне енді.