Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты арқылы қоғамға кеңінен танылған прокурор Айжан Аймағанова Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың ісіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, бұл іске оның да қабырғасы қайысқан.
«Біздің жазбаның астына және айдарымызға сіздерден Шерзаттың ісі бойынша көп сұрақтар түсуде. Әрине, мен де Шерзаттың ісіне алаңдаймын, бұл іс менің де жүрегімді қозғады, бірақ — бәрі заңға сәйкес болады. Біз бір қағиданы түсіну керекпіз: әрбіреуіміз өз орнымызда еңбектенуіміз керек, өз жұмысымызды адал атқару ол міндет. Мен сенімдімін, Алматы облыстағы менің әріптестерім өз жұмысың адал атқаруда», — деді ол.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды.
Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.