Шымкентте мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды. Еліміздегі бесінші цифрлық кеңсе тұрғындардың уақытын үнемдеп, электрондық сервистерді күнделікті қолданысқа жақындатуға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа кеңсенің салтанатты ашылуына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты. Жоба мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жеңілдетіп, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейді. Кеңістік әр жастағы азаматтың қажеттілігі ескеріліп жабдықталған.
AI-кеңседе экспресс-қызмет көрсету, цифрлық, сараптамалық және оқыту аймақтары жұмыс істейді. Келушілерге арналған демалыс орны да қарастырылған. Азаматтар моноблоктарды, жоғары жылдамдықты сканерлерді және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандарды пайдалана алады.
Кеңседегі басты жаңалықтың бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен тұрғындар жеке куәлік немесе паспорт рәсімдеуге қажетті өтінімді бірнеше минут ішінде өз бетінше бере алады. Жаңа құрал кезекті азайтып, қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков цифрлық технологияның заманауи болуымен қатар, халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті. Ол жобаны жүзеге асырған мемлекеттік корпорация басшылығына алғыс білдірді. Әкімнің пікірінше, жаңа кеңсе тұрғындарға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік корпорация басшысы Арман Кенжеғалиев AI-кеңселерде адамға бағдарланған тәсілге басымдық берілгенін айтты. Оның сөзінше, цифрландыру азаматтың қызмет алу жолын күрделендірмей, керісінше барынша жеңілдетуге тиіс. Жоба түрлі әлеуметтік топ үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.

«Мемлекеттік процестерді цифрландыру күнделікті жұмысымыздың қалыпты бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық басымдықтар аясында біз қызметтерді автоматтандыруға, азаматтардың барлық санатына қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Адамдарға бағдарланған дәл осы тәсілді біз AI-кеңселерімізде жүзеге асырдық», – деді Арман Кенжеғалиев.
Жаңа кеңсе тек қызмет көрсету орны ретінде шектелмейді. Арнайы оқыту аймағында тұрғындар цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, электрондық мемлекеттік сервистерді пайдалануды меңгереді. Кеңесшілер қажетті қызметті табуға және оны өз бқзөетінше алуға көмектеседі.
Жоба «Shymkent City Mall» сауда-ойын-сауық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұған дейін осындай AI-кеңселер Астанада, Түркістан және Ұлытау облыстарында ашылған. Мемлекеттік корпорация жаңа форматтағы кеңістіктер желісін еліміздің барлық өңірінде дамытуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







