Данияр Таханов Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлады Атырау облысының әкімдігі. Бұған дейін жаңа қала басшысы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тиісті өкімге облыс әкімі Болат Ақшолақов қол қойды. Тағайындау Президент Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісілді.
Данияр Таханов туралы не белгілі?
Данияр Таханов 1985 жылы Атырауда дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін «Өндірістік-коммерциялық басқару» және «Өндірістік экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2009 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-да бастап, түрлі қызметтер атқарған. 2012 жылы Sinopec Engineering компаниясының қазақстандық филиалында инженер болып жұмыс істеді.
2012-2017 жылдары «Орал» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары және «Atyrau Innovations» ЖШС директоры болды.
2017 жылдан бастап «Атырау» ӘКК-де қызмет етіп, басқарма төрағасының орынбасары және басқарма төрағасы лауазымдарын атқарды. 2022 жылдың мамырынан бастап корпорацияны басқарды.
Жаңа әкімге жүктелген міндеттер
Болат Ақшолақов жаңа әкімге тұрғындарды жұмыспен қамтуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, кәріз бен энергиямен жабдықтауды жаңғыртуға ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарды апатты баспаналардан көшіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланы абаттандыру міндеттері жүктелді.
14 қыркүйекте Атыраудың бұрынғы әкімі Шәкір Кейкіннің өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болған еді. Ол қала әкімдігін 2023 жылдың шілдесінен бастап басқарған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







