Қылмыстық ортада Леха Семипалатинский деген атпен танымал 66 жастағы Айтқали Маймұшев жуырда қайтыс болды. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса әлеуметтік желідегі жазбасында оны неліктен «көзсіз ер» деп атағанын түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Facebook қолданушысы Азамат Тасқараұлы марқұмның жағымды қасиеттерін сипаттап жазба арнаған. Жазба авторының сөзінше, Леха Семипалатинский әдебиетпен әуестенген, Абайдың шығармаларын орыс тіліне аударған, жақындарына көмектесіп, үнемі сөзінде тұратын болған.
Ал Қазыбек Иса бұл жазбаға «Алдынан жарылқасын! Нағыз рухы мықты, көзсіз ер екен-ау! Иманы саламат болсын!» деген пікір қалдырған.
Press.kz арнасы депутаттан неліктен мұндай пікір білдіргенін сұраған.
«Сол туралы мақалаға көңіл айттым. Кез келген қазақ қайтыс болса, көңіл айтасыз. Жазбаны мен жазған жоқпын, мен пікір жаздым. Көзсіз ер екен дедім. Мақалада ерліктері жазылған. Абайдың өлеңдерін орысшаға аударған. Әркім өзінің ішінен алады ғой. Маған сонысы ұнады», — деп жауап берді Қазыбек Иса.
Дегенмен депутат Қазыбек Иса Леха Семипалатинскийдің кім екенін білмейтінін айтты.